Аудан әкімі тікелей эфирде халық сұрағына жауап берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО, Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Instagram парақшасында тікелей эфир арқылы көпшіліктің сұрағына жауап берді.
Әкімнің әлеуметтік желідегі тікелей эфирі екі сағатқа созылды. 500-ден астам адам сауалдарына жауап алды. Аудан басшысына қойылған сұрақтың басым бөлігі коронавирустың таралуына алаңдаушылық танытқан тұрғындардан жолданды. Ділдәбек Тәжібайұлы өз кезегінде әр сауалға толыққанды жауап беріп, аймақта індеттің алдын алу жұмыстары уақытылы жүргізіліп жатқандықтан алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Тұрғындарды төтенше жағдайдың тәртібіне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларына мұқият болуға шақырды.
Сондай-ақ, әкімге көктемгі егіс науқанының кедергісіз жүруін назарға алсаңыз деп өтініш білдірген фермерлерден бастап, әлеуметтік сипаттағы сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, қаланы абаттандыру мәселелерін көтерген азаматтарда өз пікірлерін айтты. Технологияның жаңашыл мүмкіндігін пайдаланып арнайы уақыт бөліп, азаматтардың сауалдары мен өтініштеріне құлақ түрген аудан басшысына алғыс білдіргендерде болды.
Жаһанды жаулаған пандемияның алдын алу үшін елде енгізілген төтенше жағдай салдарынан азаматтарды тет-а-тет форматында қабылдау мүмкін болмай тұр. Сондықтан, тікелей эфир - тұрғындарға жиналған сұрақтарға жауап берудің тамаша мүмкіндігі. Осындай онлайн-кездесулер карантиндік шектеулердің қолданылу мерзімінің соңына дейін жалғасады - деді Ділдәбек Оразбаев.
Аягөз ауданының әкімі екі сағаттық онлайн-кездесуді қорытындылай келе, барша мұсылман қауымды Ораза айының басталуымен, жерлестеріне бейбітшілік пен береке тіледі.