Ауаға ұшқан ақша: Темекіні қойсаңыз, неше теңге үнемдейсіз?

Елімізде темекінің барлық түрі қымбаттады. Бұған дейін бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлаған болатын. BAQ.KZ тілшісі темекі тартатын азаматтармен сөйлесіп, қанша шығын жұмсайтынын есептеп көрді.

Енді ең арзан темекі 870 теңгеден

2024 жылғы 15 шілдеден бастап «Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигараллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 196 бұйрығына өзгеріс енгізілгенін еске сала кетейік.

Бұйрық бойынша, бөлшек саудада темекі өнімдері үшін мынандай ең төменгі бағалар қолданылады.

фильтрлі, фильтрсіз сигареттің 20 данасына (бір қорабына), папиросқа, сигариллаға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға:

  • 2024 жылғы 15 шілдеден 31 желтоқсанға дейін — 820 теңге;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — 870 теңге.

Бұған дейін ең төменгі баға биылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге болған еді.

Соңғы жарты жылдың өзінде шылымның бағасы 16 пайыздан 18,8 пайызға дейін өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылдың алғашқы тоқсанында темекі мен папиростың бағасы 53,4 пайызға артқан.

Дегенмен елде темекіге тәуелділердің саны азайған жоқ. Былтыр папиростың ішкі нарықтағы көлемі 62 пайызға көбейген. Ал биылдың алғашқы үш айында қазақстандықтар шылымға 5,7 миллиард теңге жұмсаған.

Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеуге сәйкес, 2023 жылы 29 бен 39 жастағы азаматтардың арасында шылым шегетіндер көбейген.

Жалпы, елімізде әрбір бесінші адам темекі тартады.

2023 жылы статистика қалай болды?

2023 жылы шілдеде ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросы табак тұтыну және пассивті шегу туралы болжамды мәліметтерді алу, сондай-ақ табак тұтынудың алдын алу және бақылау бойынша мониторинг жүргізу үшін республикадағы 11,8 мың үй шаруашылығы арасында сауалнама жүргізді.

Табак пен кальянды тұтыну келетін болсақ, азаматтардың басым бөлігі кальян және табак шекпейді. Өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда олардың үлесі артқан. Мысалы, кальян тартпайтын респонденттердің үлесі 96,2%-дан 96,4%-ға, ал табак тартпайтындар — 79,6%-дан 80,6%-ға өсті. Бұл ретте респонденттердің 3,6%-ы қазіргі уақытта кальян шегеді, оның ішінде 0,4%-ы күн сайын, 3,2%-ы күн сайын емес. Респонденттердің 19,4%-ы табак шегеді, оның ішінде 15,8%-ы күнделікті темекі шегеді және 3,6%-ы анда-санда темекі тартады.

Жынысы бойынша темекі шегетіндердің үлесі ерлер арасында 36%, әйелдер арасында 8,5%.

Сауалнамаға сәйкес, табак шегетін респонденттер күніне барлығы 12,9 млн табак өнімдерін пайдаланады, бұл былтырғыдан 0,4% көп.

Тұтынылатын барлық өнімнің ішінде басым көпшілігін өнеркәсіпте өндірілген темекі құрайды: 11,9 млн өнім — 2022 жылмен салыстырғанда 3,9% аз. Сондай-ақ қазақстандықтар арасында қолдан жасалған темекі (255,5 мың), сигара мен сигарилла (234,8 мың), IQOS немесе GLO (228,5 мың), электронды темекі (136,5 мың), түтік (74,9 мың) және кальян (24,5 мың) танымал.

Ерлер әйелдерге қарағанда өнеркәсіптік темекілерді, сигара және сигарилла көп шегеді. Ал әйелдер ерлерге қарағанда қолдан жасалған темекі, электронды темекі және табакты ысыту жүйелерін жиі пайдаланады. Ерлер мен әйелдер арасындағы кальян әуесқойларының үлесі бірдей.

2023 жылдың қазан айында ҚР-да темекі бағасы айына 2,1% және бір жылда 20% өсті.

Өңірлер бойынша ай сайынғы динамикада баға Ақмола (4,8%), Қостанай (4%) және Атырау (3,8%) облыстарында қатты қымбаттады. Бір айдағы ең аз баға өсімі Павлодар және Қызылорда облыстарында тіркелді: әр облыста 0,1%.

Жылдық динамикада темекі ең көп Қостанай облысында 27,9% қымбаттады. Одан кейін Батыс Қазақстан (24,6%) және Жетісу (23%) облыстары. Ең аз жылдық баға өсімі Қызылорда облысында байқалды: 15,8%.

Темекі тартудан қай өңір көш басында?

Tengrinews.kz-тің мәліметінше, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен 4 жыл сайын халықтың темекі өнімдерін тұтыну деңгейін анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп отырады.

Соңғы зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, Қазақстанда ересектердің 20,4 пайызы, нақтырақ айтқанда, 2,7 миллион адам темекі шегеді (темекі, темекі түтіктері, сигаралар, сигариллалар, темекі қосылған кальян және басқа да темекі шегетін өнімдер, оның ішінде электронды емес). Олардың ішінде 36,5 пайызы ерлер (2 млн 287 мың адам) және 6 пайызы әйелдер (422 мың адам).

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылдан бастап Қазақстанда төрт жыл сайын 11-15 жас аралығындағы балалар арасында «Мектеп жасындағы балалардың денсаулығының мінез-құлқы» (HBSC) зерттеуі жүргізіледі. Соңғы зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы балалардың 9,8 пайызы электронды темекіні (вейп) пайдаланады, оның ішінде 11-15 жас аралығындағы ұлдар 11,3 пайыз және жасөспірім қыздар 8,2 пайыз.

2014 жылдан 2022 жылға дейін электронды темекіні пайдаланушылар саны ұлдар арасында бес есе, қыздар арасында жеті есе өскен.

Зерттеу мәліметтері бойынша, Қазақстан өңірлері арасында ересектер арасында темекі шегудің ең жоғары көрсеткіші Қостанай облысында байқалады - 30,6 пайыз, ал темекі ең аз шегетіндер Түркістан облысында - 10,2 пайыз.

Темекіге бір күнде қанша теңге жұмсайсыз?

Темекі тартатын бірнеше азаматты сөзге тартып көрдік.

Бейбіттің темекі тартып жүргеніне 30 жылға жуықтаған. Ол әу баста балалықпен бастағанын айтады. Қазір ол темекі тарту тәуелділіктен бұрын, әдетке айналғанын мойындап отыр.

Кейіннен тәуелді болып қаламыз деген ой болғанымен, оны мойындамадым. Үлкендер ақыл айтқанда құлақ аспай, “уақытша ғой, қойып кетемін” деген өзім білемдікке салдық. Соңында осылай болды. Қазір тастап кетуге қанша рет оқталсам да мүмкін болмай жүр. Бұл тәуелділіктен бұрын, әдетке айналды. Себебі күнделікті тіршілікте істейтін ісіңнің бірі - темекі тарту, - дейді кейіпкеріміз.

Сөзінше, осындан 5-6 жыл бұрын бір қорап темекіні 2 күнге жеткізетін. Қазір ол тек бір тәулікке ғана жететін көрінеді.

Бұрынырақта, осыдан 5-6 жыл бұрын бір қорап 1,5-2 тәулікке жетсе, жас ұлғайған сайын қазір күніне бір қорап темекі шегетін болдым. Ал енді есептей беріңіз, қазір бір қорап темекі кем дегенде 900 теңге тұрады.

Кейіпкеріміз 30 жылдан бері темекі шегуді әдетке айналдырған. Енді бір қорап темекенің әр жылдардағы орташа бағасын есептеп алатын болсақ, бірталай ақшасының ауаға кеткенін көреміз. Мысалы, 2023 жылы ең төменгі баға 710 теңге болса, осы бағаны 365 күнге, яғни бір жылға көбейтіп көрейік. Сонда кейіпкеріміз бір жылда шамамен 260 мың теңгені темекіге жұмсайды екен. 

Шартты түрдегі есеп (BAQ.KZ): Бір қорап темекінің 30 жылдағы бағасын қазіргі құнның шамамен жартысы, яғни 400 теңге деп алайық. Сонда Бейбіт 30 жылда неше теңге жұмсайды? Алдымен 30 жылды 365 күнге көбейтеміз, нәтижесі 10 950 күн болады. Ал енді бір күнге бір қорап темекіге 400 теңге кетсе, онда 10 950 күнге шамамен 4 380 000 теңге жұмсалады екен. 

Ал тағы бір кейіпкеріміз Ардақ темекіні кішкентай кезінде достарымен ойнап жүргенде шегіп көргенін айтты. Сөзінше, 4-5 сыныпта олар жерде жатқан темекінің қалдықтарын балалықпен тығылып шеккен екен.

Кейін университетке түскенде жатақханадағы досым екеуіміздің темекі шегіп көруге қызықтық. Сөйтіп досыммен бірге жатақхана алдында әңгімелесіп тұрып, темекі тартып көрдік. Бірақ темекіні осы кезден тартып кеттік деп айта алмайтын. Бұл да жастықтың себебі деп ойлаймын. Кейін 1-2 айдан кейін емтихандар басталды. Тобымызда менен басқа да балалар 3 деген баға алып қалып жатты. Бәріміз 1-курс студентіміз, сабақта 3 алып көрмегенбіз. Оның үстіне стипендиядан айырылып қаламыз деп қорқып, стресске түстік. Бәлкім темекі тарсақ, күйзеліс басылады деп ойладық па, білмеймін, темекі тарта бастадық, - дейді ол.

Кейіпкеріміз жаман әдетке ұрыну араласатын ортаңа да байланысты деп санайды. Ардақ 2013 жылдың қазанынан бері темекі тартады. Қазір 11 жылдай болып қалған.

3-курсқа келгенде темекіні тастауға тырысып көрдім. Интернеттен темекіні қоюға көмектесетін роликтерді көріп, мотивация алдым. Бір аптадай темекі тартпадым. Алайда стресс жеңіп кете берді. Кейін 2020 жылы спортпен шұғылданып, темекіні 10 күндей шекпей қойдым. Осы күндері асқазаным, тамағым ауырып, басым айналып жүрді. Мұның себебі темекі шекпегеннен болар деп ойлап, темекі шегуді қайта бастап кеттім. Сөйтіп ауырған жерімнің бәрі қойып кетті, - деп айтты Ардақ.

Ол өзінде темекіге тәуелділік жоқ екенін айтады. Себебі ораза айларында темекі шекпеуге тырысатын көрінеді.

Темекі – ол әдет. Себебі шеккің келіп тұрады. Өз-өзіңді алдап, тыныштандырады деп ойлайсың. Сол себепті әдеттен арылу қиын. Ерік-жігер мықты болуы керек, - деп ойын айтты темекіні 13 жыл бойы тартып келе жатқан астаналық.

Ардақ күніне бір қорап темекі тартады. Ол 930 теңге тұрады. Сонда ай сайын шамамен 28 мың теңгесі темекіге кетеді. Ал бір жылда темекіге 340 мың теңгедей жұмсайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы