Ауадан ақша жасаған мемлекеттік кәсіпорын директоры ұсталды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек-Өскемен» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басқарушы директоры 3,5 млн теңге сомасында пара алды және 15 млн теңгені жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді.
Алдымен ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек-Өскемен» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басқарушы директорына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын атап өтті.
«Ол Өскемен қаласындағы «Дружба» саябағын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны үшін және аталған шарт бойынша ақша қаражатының қалдығын аудару туралы оң шешім қабылдағаны үшін сенімді тұлғалар арқылы ЖШС директорынан 3,5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді», - деді ол.
Сонымен қатар Жанна Бастарова аталған мемлекеттік кәсіпорын басқарушы директоры басқа заңға қайшы әрекеттер жасағанын атап өтті.
«Ол 2018 жылы іс жүзінде басқа кәсіпорыннан сатып алынған материалдарға жеке кәсіпкердің материалдарды төлеу шотына негізсіз ақша аудару, әрі іс жүзінде республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жұмыс жасамайтын азаматтарға еңбекақы есебінде ақша аудару арқылы 15 млн теңгеден астам сома бюджет қаражатын жымқыруды деп күдіктелуде. Тергеу жалғасып жатыр», - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, қазіргі таңда соттың шешімімен күдікті қамауға алынған.
Айта кетейік, осыған дейін Зеренді ауданының әкімі пара алды деген күдікпен ұсталғанын, Павлодар облысында жолдарды жөндеуге бөлінген 6,6 млн теңгені жымқырған кенті әкіміне қатысты тергеу басталғанын хабарлағанбыз.