Бүгiн 2026, 05:18 Фото: depositphotos.com

Ауа температурасы 44 градустан асты: Францияда құстар жаппай қырылып жатыр

Қазіргі кезде Батыс Еуропаны соңғы жылдардағы ең күшті ыстық толқыны шарпыды.

Францияда рекордтық деңгейге жеткен аптап ыстық салдарынан жүздеген мың құс қырылып, ауыл шаруашылығы саласы күрделі жағдайға тап болды. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлім етті.

Сала өкілдерінің мәліметінше, ауа температурасының күрт көтерілуі елдің негізгі құс шаруашылығы шоғырланған өңірлерінде құстардың жаппай өлуіне әкелген. Өлекселерді жинау және кәдеге жарату қызметтері жүктемеге төтеп бере алмай жатқандықтан, билік оларды фермалар аумағында көму мүмкіндігін қарастыруда.

Франция құс шаруашылығы компанияларын біріктіретін Anvol ұйымының басшысы Ян Неделаның айтуынша, өлім-жітім көрсеткіші жабық және ашық типтегі шаруашылықтардың барлығында байқалып отыр. Оның бағалауынша, ыстықтан кем дегенде бірнеше жүз мың құс қырылған.

Қазіргі кезде Батыс Еуропаны соңғы жылдардағы ең күшті ыстық толқыны шарпыды. Францияда ауа температурасы 44,3 градус Цельсийге дейін көтеріліп, бірқатар өңірде рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Аптап ыстықтан ондаған адам көз жұмып, мектептер жабылып, электр желілерінің жұмысына да әсер еткен.

Франция Еуропалық одақтағы құс өнімдерін өндіру көлемі бойынша Польша мен Испаниядан кейінгі үшінші орында. Елдегі құс санының шамамен 60 пайызы Бретань және Луара аймақтарында шоғырланған.

Аталған өңірлердің ауыл шаруашылығы палаталары құстардың «жаппай қырылуы» туралы ескерту жариялаған. Мамандардың айтуынша, өлекселерді жинайтын қызметтердің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, фермерлерге уақытша ағаш үгінділері мен басқа да сіңіргіш материалдарды пайдалану ұсынылған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының өлекселері арнайы орындарға жеткізіліп жойылады. Алайда қазіргі жағдайда кейбір фермаларда өлекселерді сол жерде көму нұсқасы қарастырылып жатыр. Бұл үшін экологиялық және техникалық сараптамалар жүргізілуі тиіс.

Сарапшылар климаттың өзгеруі салдарынан мұндай экстремалды ыстық кезеңдерінің жиілеп бара жатқанын атап өтуде. Бұл ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі үшін қосымша қауіп төндіреді.