Ауа сапасы өскемендіктердің денсаулығына қауіп төндіріп тұр

Бұл туралы депутат Ольга Булавкина Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Өскемен қаласы тұрғындарының денсаулығына өңірдегі ауа сапасы нақты қауіп төндіріп тұр. 

Белгілі болғандай, атмосфераға жалпы шығарындылар жылына 158 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы тіркелген деректер бойынша 42 жағдайда ауада ластаушы заттар шекті нормадан асып кеткен.

Шығыс Қазақстан облысының Экология департаментінің мәліметі бойынша кей жерлерде азот диоксиді 2 есеге, күкіртсутегі 3,8-ден 9,8 есеге өсіп кеткен болатын! Бұл заттар құрамының жоғары болуының әсері асфиксияға, ал газ бен бумен демалудың салдары өкпе ісігі ауруына, сонымен қатар топырақтың қышқылдануына, жануарлардың улануына, өсімдіктердің өліміне, экожүйенің тепе-теңдігінің бұзылуына әкелуі мүмкін, - деді сенатор Булавкина Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сондай-ақ дептутат Өскемен ЖЭО және Согра ЖЭО кәсіпорындарының шығарындылары ең үлкен үлесті құрайтынын атап өтті. Олардың үлесі жылына 45 мың  тоннаға жеткен. Сондай-ақ қоршаған ортаның ластануының үлкен проблемасы – автомобиль көлігінің пайдаланылған газдары. 

Барлық экологиялық талапты ескере отырып, Өскемен қаласында жаңа жылу электр станциясын салу мәселесін қарауды, техникалық байқау операторларына қойылатын талаптарды қатаңдатуды, халық пен жылу энергетикалық кәсіпорындарға өткізілетін мұнай өнімдері мен қатты отынның сапасын бақылаушы органның жауапкершілігін күшейтуді сұраймын. Жеке секторге арналған электр энергиясына түнгі тарифті қайтару мүмкіндігін қарастыру маңызды деп санаймын. Себебі, бұл жылыту маусымында пешті жылыту кезінде қатты отын тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді. Ірі өнеркәсіп орындарының түтін газдары мен ағынды суды бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мәселесін қарастыруды сұраймын, - деді сенатор Ольга Булавкина.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: altaynews.kz
Өзгелердің жаңалығы