Ауа райының қолайсыздығынан кофе бағасы қымбаттады

Бразилияда ауа райының суытуы трейдерлер арасында биылғы және келесі жылғы кофе өнімділігіне қатысты алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы фактордың әсерінен арабика сұрпының бағасы маусым айынан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен.

2024 жылы кофе шамамен 70%-ға қымбаттаса, биыл оның бағасы тағы да 8%-ға өсті. Нәтижесінде биржадағы арабика бағасы екі айлық максимумға жетті.

ICE биржасының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың 19 тамызында желтоқсандық фьючерс бағасы 3,32%-ға өсіп, фунт үшін 3,47 долларды (килограмына 7,63 доллар) құрады. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 11 маусымда тіркелген болатын.

Сонымен қатар баға қатарынан бес күн бойы өсіп келеді: 13 тамыздан бері арабика құны 12,62%-ға артты. Бұл – 2025 жылғы сәуірден бергі ең ұзақ баға өсімі.

McDougall Global View сарапшысы Майкл Макдугалдың айтуынша, алаңдаушылық тек ағымдағы өнімге ғана емес, сонымен бірге 2026 жылғы өнімге де қатысты. Суық кезеңдердің ерте басталуы кофе ағаштарында мерзімінен бұрын гүлдеу процесін тудырып, стресс факторына айналуда.

Sucden Financial брокері Гарри Ховард соңғы күндердегі бағаның өсуін Бразилиядан экспорттың күтілгеннен баяу қарқынмен жүруімен байланыстырады. Оның пікірінше, бағаға демалыс күндері Суль-де-Минас пен Серрадо өңірлерінде тіркелген аяз туралы хабарламалар да әсер еткен. Бұл өз кезегінде трейдерлердің қысқа позицияларын жабуына алып келді.

Болжам бойынша, Бразилиядағы ағымдағы маусымдағы арабика мен робуста сұрыптарының жалпы өнім көлемі 63,9 млн қап (әрқайсысы 60 келіден) болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға аз.

Сонымен бірге Вьетнамнан жеткізілімдерге қатысты да қауіп туындап отыр. Елдің басты кофе өндіретін өңірлерінің бірі ағаштардың өсу кезеңінде құрғақшылықтан зардап шексе, егін жинау басталған тұста керісінше қатты жаңбыр жауған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы