Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше жолда көлік қозғалысына шектеу қойылды
Жол қозғалысын 2026 жылғы 23 қазанда сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланған.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы бірнеше облыста ауа райының нашарлауына байланысты автокөлік қозғалысына шектеу енгізілгенін жазды.
Шығыс Қазақстан облысында
2026 жылғы 22 қазанда сағат 20:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автожолының 15–105-шақырым аралығында (Белоусовка кенті – Риддер қаласы) тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді.
Жол қозғалысын 2026 жылғы 23 қазанда сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланған.
Қарағанды облысында
2026 жылғы 22 қазанда сағат 21:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты KAZ 15 «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Богас» республикалық маңызы бар автожолының 60–265-шақырым аралығында (Ботақара кенті – Бақты ауылы) жазғы дөңгелектермен жабдықталған көліктердің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
Жолды 2026 жылғы 23 қазанда сағат 08:00-де ашу жоспарланып отыр.
Қазақстанның сегіз өңірінде қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, синоптиктердің болжамына сәйкес, түнгі және таңғы уақытта Ақмола, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында жаңбыр аралас қар мен қар жаууы мүмкін. Кей жерлерде көктайғақ болады деп күтілуде.
Компания жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырды.
Жүргізушілерден барынша мұқият болуды, жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтауды, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды және мүмкіндігінше аса қажеттілік болмаса, сапарға шықпауды сұраймыз, – деп жазылған хабарламада.