Ауа райына байланысты барлық өңірде ескерту жарияланды

«Қазгидромет» РМК 10 тамызда күн райының қолайсыз болуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда,күндіз Алматы облысының басым бөлігінде 36 градус қатты ыстық күтіледі. Өңірдің таулы, тау бөктеріндегі аудандарында найзағай ойнап, жел соғады. Екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың солтүстігі мен орталығында өрт тұтану қаупі аса жоғары.

Астана қаласында күндіз найзағай ойнап, шығыстан, солтүстік-шығыстан жел соғады. Найзағай кезінде желдің күші 15 м/с құрайды. Жоғары өрт қаупі сақталады.

Түнде Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында, күндіз басым бөлігінде найзағай күтіледі. Өңірдің солтүстігі мен орталығында бұршақ, дауыл болжанады. Желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың оңтүстігінде өрт шығу қаупі аса жоғары.

Күндіз Абай облысының батысы мен оңтүстігінде кей уақыттарда қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түседі. Найзағай кезінде желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Өрт тұтанудың төтенше қаупі сақталады.

Күндіз Қарағанды облысының орталығы мен шығысында қатты жаңбыр жауады. Түнде өңірдің солтүстігі мен орталығында, күндіз басым бөлігінде найзағай күтіледі. Солтүстік және орталық аумақта бұршақ, дауыл болжанады. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с құрайды. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Күндіз Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігі мен шығысында кей уақыттарда қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, күндіз найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с құрайды. Өрт тұтану қаупі аса жоғары.

Күндіз Атырау облысында 35-37 градус қатты ыстық сақталады. Өрт шығу қаупі жоғары.

Ақтөбе облысының шығысында найзағай күтіледі. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Күндіз Қызылорда облысының солтүстігінде найзағай ойнап, солтүстіктен жел соғады. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. 10-12 тамызда облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Күндіз Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында 37 градус қатты ыстық сақталады. Өңірдің басым бөлігінде өрт тұтану қаупі жоғары.

Түнде Ақмола облысының батысы мен оңтүстігінде, күндіз басым бөлігінде найзағай күтіледі. Күндіз өңірдің оңтүстігінде, батысында бұршақ жауады. Күндіз найзағай кезінде желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Өрт тұтану қаупі аса жоғары.

Таңертең және күндіз Павлодар облысының оңтүстігінде қатты жаңбыр жауып, солтүстігінде, батысы мен оңтүстігінде найзағай, бұршақ күтіледі. Солтүстік-шығыстан, солтүстіктен жел соғады, күндіз солтүстігінде, батысында екпіні 15-20 м/с құрайды. Облысының оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Түнде және таңертең Маңғыстау облысының батысында тұман күтіледі. Күндіз облыстың басым бөлігінде 38-42 градус қатты ыстық сақталады. Өрт тұтану қаупі аса жоғары.

Қостанай облысының солтүстігінде, шығысы мен оңтүстігінде найзағай ойнап, тнде және таңертең облыстың батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Солтүстіктен жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды. Оңтүстік аумақта өрт тұтану қаупі аса жоғары.

Күндіз Жетісу облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, найзағай кезінде күші 15-20 м/с құрайды. Күндіз облыстың басым бөлігінде 35-36 градус қатты ыстық болады. Өңірдің барлық дерлік аумағында өрт шығу қаупі аса жоғары.

Таңертең және күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, облыстың таулы аудандарында күші 15-20 м/с құрайды. Өңірдің солтүстігінде, батысы мен шөлді аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.

Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігі мен шығысында найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі. Желдің күші 23 м/с артады. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысында найзағай, жел күтіледі. Өрт тұтану қаупі жоғары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Архив BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы