Ауа ластанған: Өскеменде оқушылар қашықтан оқуға көшті

Өскемен қаласында үшінші күн қатарынан ауаның қолайсыз метеорологиялық жағдайларының екінші дәрежесі сақталуына байланысты мектеп оқушылары уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлім етті деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қабылданған шешімге сәйкес, 30 қаңтардан бастап бірінші және екінші ауысымда білім алатын оқушылар онлайн форматта оқиды. Мұндай шара балалардың денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында қабылданған.

Мамандардың айтуынша, қолайсыз ауа райы жағдайында зиянды ластаушы заттар атмосфераның төменгі қабатында ұзақ уақыт сақталып, қаладағы ауа сапасының нашарлауына әкеледі. Бұл әсіресе балалардың тыныс алу жүйесіне кері әсер етуі мүмкін.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде ең басты басымдық – оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы. Осыған байланысты мектеп оқушыларын уақытша қашықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды, - деп мәлімдеді қалалық білім басқармасы.

Бекітілген оқу кестесіне сәйкес сабақтар онлайн режимде өткізіліп, білім беру үдерісі толық көлемде жалғасуда. Сонымен қатар ата-аналардан қаладағы ауа сапасы жақсарғанға дейін жауапты қызметтердің ресми хабарламалары мен мамандардың ұсыныстарын қатаң сақтау сұралды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы