Атысты тоқтатқаннан кейін Газаға алғашқы көмек жеткізіле бастады

Израиль мен ХАМАС арасында атысты тоқтату жөнінде келісім жасалғаннан кейін, Газа секторына алғашқы ірі көлемдегі гуманитарлық көмек келе бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

БҰҰ мәліметінше, аймақтағы аса ауыр гуманитарлық дағдарысты шешу үшін күн сайын кемінде 600 жүк көлігі қажет. Қазір жеткізіліп жатқан көмектің көлемі бұдан әлдеқайда аз. Палестиналықтар бірнеше айдан бері азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығын қатты сезініп отыр. Соғыс салдарынан инфрақұрылым бүлінген, сондықтан көмекті жеткізу кезінде түрлі кедергілерге – тонау, Израильдің әуе шабуылдары мен әкімшілік шектеулерге тап болған.

Гуманитарлық ұйымдар бітімге сәйкес, Газаны азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлармен толтыруға дайындалып жатқанын мәлімдеді.

 

Израиль тұтқындардың босатылуын күтіп отыр

Израиль Сыртқы істер министрінің орынбасары Шаррен Хаскель Sky News-ке берген сұхбатында ХАМАС тұтқындарды бүгін кешке босатуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұл күтілген уақыттан ертерек болуы ықтимал.

ХАМАС-қа қазір әсіресе Катар мен Түркия тарапынан үлкен қысым түсіп жатыр. Біз өз азаматтарымызды мүмкіндігінше тезірек көреміз деп үміттенеміз, – деді Хаскель.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елдің "барлық тұтқынды бірден қабылдауға дайын" екенін растады.

Келісім бойынша, ХАМАС 2025 жылғы 13 қазан күнгі түске дейін тірі қалған 20 израильдік тұтқынды босатуға тиіс. Бұл үшін Израиль шамамен екі мың палестиналық тұтқынды бостандыққа шығарады.

 

ХАМАС соғыстан кейін Газаны басқармайды

AFP агенттігіне берген мәліметінде ХАМАС өкілі ұйымның соғыстан кейін Газа секторын басқаруға ниетті емес екенін хабарлады. Оның айтуынша, бұл мәселе шешілген, ал өтпелі кезеңде аймақты халықаралық Бейбітшілік кеңесінің бақылауымен технократиялық комитет басқарады. Жоспарға сай, бұл кеңесті АҚШ президенті басқаруы керек. Кеңес құрамына сондай-ақ әлемдік көшбасшылар, оның ішінде Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр кіреді.

Алайда ХАМАС әзірге толық қарусыздануға келісім берген жоқ — бұл Трамп жоспарының негізгі талаптарының бірі. Дереккөздің мәліметінше, топ Израиль Газаны қайта шабуылдамаса, ұзақ мерзімді бітімді ұстануға дайын екенін білдірген.

 

Келесі қадам — ХАМАС туннельдерін жою

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац тұтқындар қайтарылғаннан кейінгі басты мақсат – ХАМАС-тың барлық туннельдерін жою болатынын айтты. Бұл операцияны Израиль армиясы (ЦАХАЛ) атқарады, ал оған АҚШ басқаратын халықаралық құрылым қолдау көрсетеді.

Сонымен бірге Associated Press таратқан мәліметке сәйкес, Газаға шамамен 200 америкалық әскери қызметкер жіберіледі. Олар бітімнің орындалуын бақылап, гуманитарлық көмекті жеткізу мен қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын азаматтық-әскери үйлестіру орталығының құрамында болады.

Қазіргі уақытта мыңдаған палестиналық өздерінің қираған аудандарына қайта орала бастады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: БҰҰ жаңалықтар қызметі
Өзгелердің жаңалығы