Атышулы жекеменшік мектепке алданған ата-аналардың ақшасы қайтарылады

Алматыдағы жекеменшік білім беру орталығы Tesla Education, азаматтардан миллиондаған теңге жинап, келісімшарттарды бұзғаннан кейін ақшаны қайтармаған болатын. Енді жекеменшік мектеп ата-аналарға толық соманы қайтаруға уәде берді, хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Орталықтың басшылығы ешқайда жасырынбай, кикілжіңді шешуге тырысатынын атап өтті. Компания алаяқтық айыптарын жоққа шығарып, қызметкерлердің ережелерді бұзбағанын жеткізді.

Компания ешқашан алаяқтықпен немесе жеке мүдде үшін әрекет еткен емес. Қызметкерлер тек ішкі нұсқаулықтар мен регламенттерге сәйкес жұмыс істеді. Барлық міндеттемелер ата-аналарға толық көлемде орындалады, – деп хабарлады білім беру орталығының басшылығы.

Tesla Education процессті ұзартпай, әр ата-анаға жеке төлем кестесін дәл уақытпен келесі аптада беретінін хабарлады.

Сіздердің уайымдарыңызды түсінеміз. Жағдай қиын, бірақ сабыр сақтау қажет. Ешкім шешімсіз қалмайды. Төлем кестесі мен қайтару мәселесі бойынша клиенттер бөлімі хабарласады, – деді орталық өкілдері.

Қайтарым және төлем кестесін алу үшін байланыс телефоны: +7 (771) 778-95-64. Ал пошта: contract@tesla-edu.kz.

Айта кетейік, бұған дейін ата-аналар 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін төлегендерін айтып, сабақтар жиі өтпей, мұғалімдер келмейтінін, сапасы төмен екенін шағымданған. Келісімшартты бұзғаннан кейін ақшаларын ала алмаған. Кейін Алматы полициясы ата-аналардың арызы бойынша алдын ала тергеу бастаған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы