Атыраулықтар мерекеге орай 86 мың теңгеден алады: Көмек кімге беріледі?
Атырау облысында барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға Республика күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл туралы Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Құралай Тлеумагамбетова BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында мәлімдеді.
Басқарма мәліметінше, біржолғы әлеуметтік көмек биылдан бастап бірнеше мерекелік датаға емес, бір негіз бойынша төленеді.
25 қазан – Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды қоспағанда, барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жылына бір рет 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі.
Биыл бұл сома 86 500 теңгені құрайды.
Атырау облысында бұл көмекті:
- I топтағы 3 083 адамға;
- II топтағы 9 833 адамға;
- III топтағы 10 030 адамға
төлеу жоспарланып отыр.
Осылайша, Республика күніне орай облыста барлығы 22 946 азамат біржолғы әлеуметтік көмек алуы мүмкін.
Сонымен қатар басқарма мәліметінше, ардагерлерге және басқа да азаматтарға Республика күніне орай қосымша әлеуметтік төлем қарастырылмаған.