Атыраулықтар тасқын судың алдын алу жұмыстарына қатысқандарға алғыс білдірді

Атыраулықтар тасқын судың алдын алу жұмыстарына қатысқан әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлерін шығарып салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновтың қатысуымен Атырау облысында төтенше жағдай жарияланған кезде жаға бекіту, бөгет нығайту жұмыстарына көмекке келген әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлерін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Атырау өңірін тасқыннан қорғау үшін Қорғаныс министрлігінің №30212, №5571, №6655, №82796 әскери бөлімдерінің, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Қызылорда облысынан, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің, Төтенше жағдайлар министрлігі №52859 әскери бөлімінің және Ұлттық ұлан қызметкерлері екі ай тасқынның алдын алу шараларына көмектесті. 

Жиынға жиналғандар Жылыой ауданы Құлсары қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Атырау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Рахым Бейбарыс Жалғасбайұлын бір минут үнсіздікпен еске алды. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов көмекке келгендерге бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісін танытқаны үшін алғыс білдірді.

Сіздер халықпен бірге Жайықтың бойында жұдырық боп жұмылып, тасқынның қаупін сейілту жолында жанкештілікпен еңбек еттіңіздер. Топан судан зардап шеккен Жылыой жұртына жәрдем беріп, Миялы ауылын аман алып қалуға және күні-түні залалдың зардабын жою үшін тер төктіңіздер. Бұл күндері біз ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан құндылығымыз - бірлік пен ынтымақтың нағыз үлгісін көрдік. Сонымен рухтандық, жігерлендік. Бірлігіміздің Жаңа Қазақстанның діңгегі боп қала береріне көз жеткіздік. Шәкәрімше айтқанда, “бірлік пен талапты еңбекке салғанның” арқасында асау толқынды ауыздықтай алдық. Сіздерге Атырау жұртшылығының шексіз ризашылығын жеткізіп алғыс айтамын,-деді С.Шәпкенов.

Шарада тасқыннан қорғау жұмыстарына белсене қатысқан бірқатар қызметкерге Төтенше жағдай министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаты және облыстық ардагерлер кеңесінің медалі табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы