Атыраулық сарапшылар Ұлттық құрылтайда айтылған мәселеге үн қосты

Мемлекеті басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында ұлттық киімдерді кеңінен насихаттау мәселесін көтерді.

Президенттің бұл бастамасына Атыраулық сарапшылар да үн қосты.

Ұлттық киім – ұлттың бітім-болмысынан, тарихынан, дәстүрінен хабар беретін құндылық. Ықылым заманнан ұрпақ сабақтастығын жалғаған қазақ халқы киім үлгілерінің тәлімді сабақтастығын әлі жоғалта қойған жоқ. Өңірде ұлттық тәрбие, салт-дәстүрімізді қайта оралтып, аналардың осы бағыттағы жұмысын жандандыру бағытында көптеген игі бастамаларды қолға алып келеміз. Мысалы, мен өзім бала кезімде кимешек киген аналарды тек кинолардан ғана көретінмін. Кимешекті тек әжелер киген деген түсінікті тарихты білгендер айтпас еді. Кимешекті 1 бала туған аналар да ұлықтап киген екен. Мен тарихты жан-жақты зерделей келе, осы ұлттық киіміміздің қадір-қасиетіне терең бойлап, кимешекті заманауи үлгіде сән-салтанатымен киюді дәстүрге айналдырып келемін. Осындай ұлттық құндылықтардың барын айтып жеткізетін, насихаттайтын аналардың қатарын көбейту мақсатында аз жұмыстанып жатқан жоқпыз, - дейді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанар ӘБІШ.

Сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық екенін айтты. Расында да, бүгінгі қоғамда ең сорақысы – бастан аяқ қара жамылған қыз-келіншектердің көбейгені.

Денесінде көзінен басқа ашық жер қалдырмай, қара түнекке айналған, айналасына қорқыныш дәнін сепкен бұл қыз-келіншектердің басына күн туған жоқ, жат ағымның жетегінде жүр. Ұлтынан, салт-дәстүрінен, дінінен безініп, дүбәраға айналуда. Қазақ үшін қара түс — қайғының белгісі. Көңілге қуаныш сыйлап, әдемілікті паш ететін арулар қара жамылды. Бетті бүркемелейтін жамылғы кию ислам үшін міндетті болып табылмайтындықтан өзге елдерінің өзінде «ниқаб»киюге тыйым салу ойластырылып жатқанда, біздікілердің бұл әдетін қалай түсінуге болады? Қазақтың қыз-келіншегі қалай киінген еді? Әрине, әдептіліктің белгісі ретінде тұла бойды жауып тұрды. Бас киімі ше? Жасына, отбасына қарай өзгеріп отырған оның да өзіндік бір философиясы бар. Асқан шеберлікпен, әсемдікпен тігілген қазақ әйелінің киімі оның ұлттық болмысын айқындады. Көйлек етегінің ұзындығы ибалықты білдірсе, кимешек секілді бас киім бір жағынан тазалықты, бір жағынан көшпелі елдің көшпенді өмірінде әйелді қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғады. Қазақ әйелі де нағыз мұсылман әйелі ретінде шариғатқа сай қалыптастырылған ұлттық киім киіп, жаугершілік заманда ерлермен бірге еліне қорған бола алды. Ерлерше киім киіп, атқа қонған батыр қыздарымыз тарихта баршылық. Бірақ, ешқайсысы қара жамылған жоқ еді… Әрине, заман өзгерген сайын киім кию үлгісі де өзгермек. Әлемдік деңгейдегі сәнгерлердің үлгісімен тігілген киімдер қоғамға еніп, біздің әйелдер де оларға басымдық берді. Олар ұлттық киімді ығыстырса да, қазақи болмыстан айырған жоқ. Дәстүрімізге сай, атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық киімдерімізді ұлықтасақ, тарихымыз жойылмайды. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахналық немесе мерекелік емес, күнделікті тағатын бұйым, киетін киімге айналдырып, қалыптастырсақ, рухани жаңғырудың жарқын жолы болар еді деп ойлаймын, - дейді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанар ӘБІШ.

Расында да біздің баға жетпес ұлттық киімдеріміз ұлтымыздың тарихы мен руханиятының айнасы, мәдениетіміз бен дәстүріміздің айқын көрінісі.

Қазіргі таңда қарап отырсақ, мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киіммен жүру әдетке айналып келеді.

Бұл бастаманы біздің ұжымда бір ауыздан қолдап, ұлттық киімді күнделікті киім үлгісі ретінде киіп келеміз. Ұлттық киіміміздің маңызы жөнінде Ұлттық құрылтай отырысында да ерекше атап өтілген екен.
Мемлекет басшысы бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық екенін алға тартты. Біздің ұлттық киімдеріміз тек өткенді еске түсіріп қана қоймай, мәдениетімізді әлемге танытуда үлкен мәнге ие. Ал оны қазіргі заманға сай жаңарту — ұлттық сананы сақтау мен дамытудағы маңызды қадам болмақ, - дейді Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының іс-шара үйлестіруші маманы Сымбат Ғалымова.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтай барысында ел президенті алдағы төрт жылда тәуелсіз мемекетімізде 200-ге уық инвестициялық жоба іске қосылатынын мәлімдеді. 

Атырау облысы – Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің орталығы саналады. Мұнда көптеген инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биылдың өзінде өңірде оннан астам инвестициялық жоба іске қосылатынын білемін. Бұл бірнеше мыңдаған жұмыс орнын құруға мүмкіндік берері  сөзсіз. Мемлекет басшысы атап айтқандай, инвестициялық жобалар арқылы біз мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз. Айталық, өңірімізде қолға алынған полиэтилен өндіру жобасы ел экономикасына мультипликативті әсер беріп, ІЖӨ көрсеткішінің 1,2% өсуіне мүмкіндік береді және полиэтиленнен жасалған бұйымдар өндіру саласында шағын және орта бизнес үшін жаңамүмкіндіктер ашпақ. Мұнай-газ химиясына салынған әрбір доллар ел экономикасында 2-3 долларға өсім береді. Полиэтилен күнделікті өмірде және өнеркәсіпте кеңінен пайдаланылатын бұйымдарды шығаруға, оның ішінде құбырлар, құрылыс және орауға арналған материалдар, автобөлшектер, медициналық жабдықтар және басқа да тауарларды өндіруге қолданылады, - деді Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика кафедрасы, РhDқауымдастырылған профессор Райхан МҰҒАУИНА

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы