Атыраулық полицейлер өртенген үйден жеті жасөпірімді алып шықты

Атыраулық полицейлер өртенген үйден жеті жасөпірімді эвакуциялады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

21 желтоқсан күні сағат 09:35 шамасында Құрманғазы ауданы ПМК-25 елді мекенінде орналасқан екі қабатты жатақханадан өрт шыққан. Жалын шарпыған үйді байқаған Құрманғазы аудандық полиция бөлімі патурльдік полиция тобының қызмет инспекторлары Бекжан Мұратқалиев және Нұрболат Қабасов оқиға орнына дереу келіп, өрттің екінші қабаттан шығып жатқанын байқаған. 

Тәртіп сақшылары өрт сөндірушілерімен бірлесіп, адам өміріне төнген қауіпті бірге ауыздықтаған. Қызметкерлердің жедел әрекеті нәтижесінде өртке оранған үйден жеті жасөспірім баланы алып шығып, жедел-жәрдем көлігі келгенге дейін қызметтік автокөлікке әкеліп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. 

Адам өміріне қауіп төнген уақытта ойлануға уақыт жоқ. Сын сағатта дереу әрекет етпесек кеш қалуымыз мүмкін еді. Оқиға орнына келген кезде өрттің екінші қабаттан шыққанын байқап, дереу әрекет етіп, үй ішінде қалған жеті жасөспірімді аман сау сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Шұғыл шешім қабылдаудың нәтижесінде жарақат алған адам болмады, – дейді өрт ішінен жасөспірімдерді алып шыққан қос полицей Бекжан мен Нұрболат.

 Ел тағдырын өз тағдырынан бөліп қарамаған, қиын сәтте халық үшін өз басын қатерге тігіп, жалын шарпыған үйден жасөспірімдерді аман алып қалған полиция инспекторлары Бекжан мен Нұрболат көпке үлгі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы