Атыраулық өрт сөндірушілер жеңіспен оралды
Өрт сөндіру - құтқару спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы «Қызылорда 2022» Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа Қазақстанның барлық аймақтарынан 18 ерлер және 14 әйелдер командалары бойынша барлығы 300 құтқарушы қатысты. Командалар төрт бағытта сынға түсті. Олар: 100 метрлік жолақты бағындыру, өрт эстафетасы, оқу мұнарасының қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, жауынгерлік қанат жаю.
Өрттен құтқару спорты бойынша чемпионат 4 күнге созылды. Сайыста Атырау облысы 1-ші орынға ие болды. Біз бұл додаға ұзақ дайындалдық. Енді үлкен чемпионат Өзбекстанда өтеді. Онда біз өз көк туымызды желбіретеміз, деді Атырау облысы ТЖД Құрманғазы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға сержанты Нұралы Мағау.
Атырау облысы ТЖД гарнизонының намысын 17 ер, 7 әйел, барлығы 22 спортшы қорғады. Өрт сөндіру - құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының ХХVІІІ жазғы чемпионатының қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 1 орынды Атырау облысы иеленді.
Айта кетейік, чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өрт сөндіру - құтқару спорты бойынша Қазақстан құрамасына үміткерлер қатарына кіреді.