Атыраулық оқушыларға жазғы лагерь неге қолжетімсіз?

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысындағы лагерь ғимараттары ескерген.  Кейбіріне елу жыл болған.

Осының салдарынан биыл қала сыртындағы  «Тұлпар» демалыс орны күрделі жөндеуге жабылды.  Қазір оқушыларды үш лагерге  жіберіп  жатыр екен. Бірақ облыс балаларын толық қамти алмай отыр. Бұған ата-аналар да наразы. Өйткені, олар балаларын өзге облыстарға демалысқа жіберуге қалтамыз көтермейді дейді. 

Атырау өңірінен мемлекеттік тегін жазғы лагерь дегенді естімедік. Мектептен сұрадық. Олар жоқ деп отыр. Мектеп жанындағы лагерь ол балаларға еш қызық емес. Жыл сайын сұраймыз. Жоқ деп жауап береді. Мен ата-ана ретінде өңірдегі балаларлар демалысын ұйымдастыратын әкімдіктің жұмысына наразымын.  Мүлде көңілім толмайды. Бұрын біздің бала кезімізде мектеп тарапынан өзге облыстарға демалысқа жіберіп тұратын. Ал қазір балаларымызға мұндай мүмкіндік мүлде жоқ. Жеке ақылы демалыс орындарына баланы жіберуге қарапайым отбасылардың мүмкіндігі жоқ қой. Бала жаз уақытында таза ауаға, табиғат аясына шығуы керек, -  дейді ата-ана Әсем Байжанова.

 Жазғы лагерге қолы жетпей жүрген ата-аналардың көптігі сонша әлеуметтік желіде наразылық білдіріп жатыр. Тіпті, атыраулықтар ғимараттары тозған демалыс орындарын да сынға алып, жаңасын салуы қажеттігін айтады. Ал Атырау облысы білім басқармасы басшылары 90 пайыз оқушыны қамтимыз деп отыр. 

Балалардың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарымен бірге білім басқармасы жұмыстанып жатыр. Облысқа қарасты  4 лагерь бар. Олар Ресей Федерациясының Железноодск қаласында «Геолог-Қазақстан»,  Махамбет, Индер  ауданында және  Атырау қаласының сыртында «Тұлпар» лагері бар. Маусымның 10-ы күні Махамбет ауданындағы «Арай», Индер ауданындағы «Жас өркен»  лагері өз жұмыстарын бастады. Бұл екі орында аудандардағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары тамыз айының аяғына дейін демалатын болады. Екі жыл пандемиядан кейін Ресейдегі «Геолог-Қазақстан»  лагері де биыл басталды. Оған ерекше балалар, интернат тәрбиеленушілері жіберілді. Бұл демалыс орында 150 бала тек демалып емес, емделіп те жатыр, - дейді Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова. 

Білім басқармасы басшылары «Тұлпар» лагерінің күрделі жөндеуге жабылғанын растады. Сөздерінше мұндағы демалуға тиісті балаларды еліміздің басқа өңірлеріне жолдама арқылы жіберіп жатырмыз дейді. 

Қала сыртындағы демалыс орындарынан бөлек 153 мектеп білім беру мекемесі жанынан лагерлер  ұйымдастырылған. 

Мектеп жанынан ұйымдастырылған лагерлерге облыстағы оқушылардың 50 пайызын қамтимыз деп отырмыз. Одан басқа 71 шатырлық, экологиялық, экскурциялық, сондай-ақ, мектеп жанынан пәндік   лагерлер ұйымдастырылып, жұмыс жасап жатыр, - дейді дейді Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.

Білім басқармасындағылар басымдықты  әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына береміз деп отыр. Сондай-ақ, оқушыларды көбірек қамту мақсатында демеушілер арқылы да ұйымдастыратындарын айтады. 

Айта кетейік, Ресейдің Железноводск қаласындағы «Геолог –Қазақстан» лагерінің өзін биыл 180 миллион теңге қаржы бөлінген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы