Атыраулық компания баспананың бір қабатын заңсыз салған
Атырау қаласында 9 қабатты тұрғын-үй құрылысын жүргізіп жатқан компания өкілдері нысанға заңсыз түрде бір қабат қосып қойған. Арнайы құжаттары жоқ бола тұра оны бұзуға да асығар емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нұрсая ықшам ауданында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үй құрылысына "Solara.kz" ЖШС жауапты. Компанияның тек 9 қабатты үй салуға рұқсаты бар көрінеді. Бірақ жауаптылар 10-ыншы қабатты да қосып, одан бөлек үйдің жанына қазандық ретінде бір нысан құрылысын салған. Бұл проблеманы алдымен әлеуметтік желіге белсенділер таратып, наразылық білдіріпті. Кейін жауапты мемлекеттік мекемелер тексерген. Сөйтіп бірнеше заңбұзышылық анықтапты.
Компанияға оны жоюға 2 ай уақыт берген. Дегенмен талап орындалмай, тағы бір айға созылған. Ол уақытта да баспананың артық қабаты бұзылмаған. Сол себепті жауаптылар серіктестікке айыппұл салды.
Мониторинг биыл мамыр айында жүргізілді. Заңсыздық сол уақытта анықталды. Компанияға олқылықты жоюға жеткілікті уақыт берілді. Дегенмен талап орындалған жоқ. Тұрғын-үй бойынша 10-ыншы қабатты бұзу, қасындағы қазандық ретінде салынған нысанды бұзу жөнінде нұсқама берілді. Сондай-ақ, жүргізілген құбырлардың да жобаға сәйкес еместігі ескертілді. Сөйтіп ҚР Әкімшілік кодекстің бірнеше бабымен 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Қазіргі уақытта сотқа талап-арыз жолданды, - дейді Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Әсет Сембаев.
Атырауда құрылысы заңсыз жүргізілген тағы 3 көпқабатты баспана мен 1 кәсіпкерлік нысан бар. Оларға да дәл сондай мөлшерде айыппұл салынды. Сондай-ақ үйлерді бұзу жөнінде сот шешімі шыққан. Қазір бұл жұмыстармен сот орындаушылар айналысып жатыр.