«Атыраулық хакерге» халықаралық іздеу жарияланды
Әлеуметтік желілерде Атырау облысында отбасының жоғалуы туралы өз нұсқасын таратып, өзін «хакер» деп жариялаған адамды Интерпол іздеуде. Аймақтық полицияның баспасөз қызметі ер адамның халықаралық іздеуге берілгенін растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өзін «Атыраулық хакер» деп таныстырған ер адам да инстаграмдағы сторисінде оны халықаралық іздеуге бергенін жазды.
Атырау облысы полиция департаменті бұл ақпаратты ресми түрде растады. Құқық қорғау органдары іздеу алаяқтық айыптары бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Атыраудағы бір отбасының жоғалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін өздерін «Атыраулық хакер» деп атаған адам пайда болды. Ол болған оқиға бойынша өз «тергеуін» жүргізгенін мәлімдеді. Оның мәлімдемелерін қамтитын видео Instagram желісінде кеңінен таралып, тез танымал болды.
Құқық қорғау органдары оның тергеуі мен қаржы ағындарын анықтау туралы мәліметтері шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
Барлық көрсетілген мәліметтер әлеуметтік желідегі жарияланымдардан бұрын ішкі істер органдарының бөлімшелері тарапынан заңды тергеу және іздестіру шаралары шеңберінде анықталған, содан кейін ресми іздеу хабарламасы ретінде рәсімделген, – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар, оның атына алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгені айтылды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр, ол заңда белгіленген тәртіппен іздеуде, – деді полиция.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынған. Қазіргі таңда олардың қайда жүргені белгісіз.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.
Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.