Атыраулықтар жаңа саябаққа мыңнан астам жеміс ағашын екті

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін атыраулықтар жұмылып, Жайық жағасындағы жаңа саябаққа жеміс ағаштарын, мыңнан астам түрлі тал-теректер екті. Бұл экологияға жанашыр қоғам белсенділерінің бастамасымен іске асқан жоба. Олар бұл бақты «Отбасы» саябағы деп атады.

Бұл жоба біраз жылдан бері айтылып келді. Осы жерде көп қабатты үйлер салынады деген соң біз қоғам белсенділері қала әкіміне саябақ салуға ұсыныс айттық. Одан әрі жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, осы жобамыз іске асып жатыр. Жер қала әкіміне қарасты. Біз қалалық тұрғын үй және коммуналдық қызмет бөліміне көгалдандыру және абаттандыру нысаналық мақсатында беруді сұрадық. Осылайша «Атамекен» қоғамдық қорымен сенімгерлікке алдық. Енді бұл саябақтың күтімі біздің мойнымызда. Әзірге көліктермен суарамыз. Кейін тамшылатып суару әдісін қосамыз, - дейді қоғам белсендісі, «Атамекен» қоғамдық қорының төрағасы Арман Хайруллин. 


Алаңға жиналған халықтың қарасы көп. 


Келушілерге тегін қоғамдық көлік, түскі ас ұйымдастырылған. 


Тіпті, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлайтын әуен  де бар. 



Ұйымдастырушылар тұрғындарға күрек, шелек, қолғап бәрін дайындап қойған. Келушілер шетінен алып, жұмысқа кірісіп жатыр. 

Игілікті іске жұмыла кіріскен атыраулықтарға қала әкімі Қайрат Оразбаев келіп, алғысын білдірді. 


Бүгін ерекше шара болып жатыр. Өйткені әрбір атыраулық өз қолымен өз саябағын тұрғызуда. Бұл тал-теректердің бой көтеруіне бар күш-жігерімізді саламыз. Осы істі бастаған қоғам белсенділеріне ризамыз. Жайықтың жағасындағы бос жерлер қалаға сән беретін саябаққа айналуы тиіс. Мен қазір жастарды да тіпті, кішкене балақайларды да көріп тұрмын. Олар болашақта келіп «бұл менің еккен ағашым»  деп айта алатын болады. Қаламыздың көркеюіне үлес қосып жатқан көпшілікке алғысымды білдіремін,- деді қала әкімі Қайрат Оразбаев. 


Бұл саябаққа 2 мыңнан астам ағаш отырғызылады. 



Жобаны қолға алған белсенділердің айтуынша 2 гектар алаң жуықта толықтай қоршалады. 



Бірнеше жылда жасыл желекке айналып, қала тұрғындары демалатын әсем орынға айналады. 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы