Атыраулық дәрігерлер көлік апатынан жарақат алған адамды мүгедектіктен құтқарып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол апатынан соң омыртқасына зақым келіп, жүре алу мүмкіндігінен айырыла жаздаған жігітті атыраулық дәрігерлер аман алып қалды. Бұл туралы  Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінен хабарлады.

Жылыой ауданында болған жол-көлік оқиғасынан кейін жігіт дереу аудандық ауруханаға жеткізіледі. Омыртқа-жұлыны сынып, жамбасына зақым келген, миы шайқалып, өкпесі қысылған. Уақыт өте келе науқастың денесінің белінен төмен бөлігін сезуі төмендей береді. Дереу тиісті ота жасалмаса, жағдайдың қиын болатының түсінген дәрігерлер, науқасты облыс орталығына Атырау облыстық ауруханасына жеткізеді.
"Науқастың омыртқасына күрделі ота жасалды. Оң жақты гемотаракс, оң жақтан Бюлау бойынша дренаж жүзеге асырылды.  Сәтті жасалған отадан соң, науқастың жағдайы жақсарды. Динамикалық жақсару байқалғаннан кейін, науқас нейротравматология бөлімшесіне ауыстырылып, кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін ауруханадан үйіне шығарылды. Жас жігіттің өмір бойы мүгедек болып қалу қаупі болды. Бірақ дер кезінде жасалған тиісті отадан соң, бүгінде оның өмірі мен денсаулығына алаңдайтын ештеңе жоқ" - деді облыстық аурухананың нейротравматология бөлімінің дәрігері Еркін Ербулеков.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы