26 Тамыз 2026, 12:35 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Атырауға шұғыл қонған ұшақта жолаушы көз жұмды

Жолаушының өліміне жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін.

Түркиядан Ресейге бағыт алған ұшақ жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Атырау халықаралық әуежайына шұғыл қонды. Ұшақ жерге қонғаннан кейін ер адам қайтыс болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, оның өліміне жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болған.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 25 тамызда Атырау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде тіркелген.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін бастапқы тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Өлімнің алдын ала себебі - жедел жүрек жеткіліксіздігі, - деп мәлімдеді ведомство.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Түркиядан Ресейге ұшып бара жатқан «Аэрофлот» әуе компаниясы ұшағының жолаушысы туралы сөз болып отыр.

Полиция болған оқиғаның басқа да мән-жайын жарияламады. Ведомство бұған Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабын негіз еткен.

Еске салайық, бұған дейін Астана-Ақтау бағытындағы ұшақта жолаушы бортсерікті ұрып жіберді