Бүгiн 2026, 17:07 Фото: freepik.com

Атырауға газ тоқтатылмайды: QazaqGaz жағдайға қатысты пікір білдірді

Мәжілісте Атырау өңірін газбен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. QazaqGaz компаниясы жеткізілімде үзіліс жоқ екенін, алайда келіссөздер жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Мәжіліс отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов Атыраудағы газ жеткізіліміне қатысты жағдайды сұрады. Оған «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Газ жеткізіліміне не болып жатыр?

Әлібек Жамауовтың айтуынша, коммерциялық мәселелер толық шешілмегеніне қарамастан, өңірге газ толық көлемде беріліп отыр.

Газ тоқтатылған жоқ, біз толық қамтамасыз етіп отырмыз. Барлық көлем QazaqGaz арқылы жеткізілуде, – деді Жамауов.

Әңгіме Атырау ЖЭО-на газ жеткізу туралы болып отыр. Станция газды тікелей алады. Сонымен қатар, компания өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта тараптар арасында келіссөздер жалғасуда.

Атырау ЖЭО мен Энергетика министрлігі арасында коммерциялық шарттар талқыланып жатыр, – деп түсіндірді ол.

Мәселе қашан шешіледі?

Жамауовтың сөзінше, бұл уақытша жағдай және қазіргі жеткізілімдерге әсер етпейді.

Бұл – уақыттың еншісіндегі мәселе. Сәуір айының ішінде шешіледі деп ойлаймын, - деді ол.

Осылайша, келісімшарт шарттары талқыланып жатқанына қарамастан, Атырау өңірінде газ жеткізілімінде үзіліс жоқ.