Атыраудың 31 мектебінде директор жоқ
Атырау облысындағы 55 білім мекемесінде басшының орны бос тұр. Соның ішінде 31 мектепте директор жоқ, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бос қалған орындардағы мамандардың бәрі зейнеткерлікке шыққан. Сол себептен, мекеме қызметкерлері жұмысты бірінші басшысыз жүргізіп жатыр. Осы айда арнайы тест ұйымдастырып, басшыларды тағайындауды ұйымдастырмақ.
Қазір облыс орталығындағы 9 мектепте, сондай-ақ Жылыой ауданындағы 1, Исатай ауданындағы 6, Махамбет ауданындағы 4, Қызылқоға ауданындағы 1, Құрманғазы ауданындағы 7 мектепте директор жоқ. Жақын арада, яғни 22 ақпан күні арнайы тест ұйымдастырамыз. Конкурс нәтижесінде бос орындарға мектеп директорлары тағайындалады, дейді Облыстық білім беру басқармасының өкілдері.
Қазір өңірдегі білім деңгейінің көрсеткіші 50 пайыздан да аспайды. Сапа жағынан ел бойынша көш соңында тұр. Жұмыстың жүйелі жүруі үшін кадр тапшылын жоюға ден қойылу керек. Бұл мәселе салаға қатысты проблемалар талқыланған семинар-кеңесте де талқыланды. Отырыста «Жайлы мектеп» жобасы да сөз болды. Оның аясында аймақта алдағы 5 жыл ішінде 12 білім ошағының құрылысы жүргізіледі. Сала сарапшылары маңызды проблемаларды деп кезінде шешіп, сапаны арттыру үшін, кешенді жоспар жасақтау қажет деген ойда.