Атырауды басқан жағымсыз иіс. Шәпкенов себебін анықтауға 10 күн уақыт берді

Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өңірдің экологиялық ахуалы туралы әкімдік отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әкімдік отырысына экология департаментінің, «Қазгидромет» РМК АФ-ның, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылары мен «АМӨЗ» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC N.V компанияларының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы мереке күндері ауаға тараған жағымсыз иістің пайда болған кезінде қажетті шараларды қолға алмаған жауапты органдардың жұмысын сынады.

Бірер күр бұрын қала тұрғындары ауада өткір иіс барын айтып шағымданды. Ал жауапты органдар 4 сағат өткесін ғана мәселені анықтауға кіріскен.

Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамедовтің мәліметінше, «Казгидромет» РМК АФ берген мәліметте бұл күндері 36 жоғары ластану және 2 экстремалды жоғары ластану тіркелген.

Иіс қаланың сол жағындағы «Сасықсай» булану алаңынан шығуы мүмкін деп пайымдап отырмыз. Мұнда атмосфералық ауаны жоғары ластаушы ингредиент рұқсат етілген шекті концентрациядан 10 есе асқан. Оған қоса, 24 наурызда таңғы сағат 09:40-та «Привокзальный» атмосфералық ауа сапасын бақылау станциясы бойынша күкіртсутегінің рұқсат етілген шекті концентрациядан 97 есеге артық екені (экстремалды жоғары ластану) тіркелді, - деді Бекмұхамедов.

«Казгидромет» РМК облыстық филиалының басшысы Салауат Төленовтің айтуынша, атмосфералық ауаның жоғары және экстремалды жоғары ластану жағдайлары туралы барлық мәлімет Атырау облысы бойынша экология департаментіне және жергілікті уәкілетті органдарға уақытылы беріліп отырған. Алайда АМӨЗ бен NCOC N.V компанияларының ауаның ластануын тіркейтін станциялар наурыздың 24-інен 25-іне қараған түнде ластану бойынша дерек бермеген.

Таңғы сағат 3 пен 7 аралығындағы жағдай туралы мәлімет берілген жоқ. Біз АМӨЗ маңындағы тұрғын үйлер ауданындағы атмосфералық ауаның сапасына өлшеулер жүргіздік. Жел солтүстік-шығыстан соқты. АМӨЗ ЖШС-нің оң жағындағы қоныстану аймағында күкіртсутектің рұқсат етілген шекті концентрациясы 21-25 есеге дейін (жоғары ластану жағдайы) асып кетті. Ал мекеменің сол жағындағы қоныстану аймағында 17,5 есе шекті рұқсат етілген концентрациядан асты (жоғары ластану жағдайы). Мониторинг бойынша деректер Атырау облысы бойынша экология департаментіне жіберілді, - деді Төленов.

Әлеуметтік желіде күкіртсутектің иісі NCOC N.V компаниясының «Қарабатан» кен орнынан шыққаны туралы ақпарат тарады. Консорциумның еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі директоры Уәлихан Жанаисовтың айтуынша, бұған компанияның еш қатысы жоқ.

⁠Біз арнайы санитарлық қорғау аймағына талдау жүргіздік. Түнгі сағат 1-ден таңғы 9-ға дейін ауа сапасын тексердік. 24-25 наурызда жүргізілген тексеру нәтижесінде желдің басым бағыты солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа, яғни мекеменің кен орнына қарай соққан. Оған қоса, желдің жылдамдығы секундына 2 метр болған. Барлық станцияның дерегін алып отырмыз, жағдай бақылауымызда, - деді Жанаисов.

Серік Шәпкенов экологиялық ахуал нашарлаған шақта бейқам отырған басшылардың жұмысын сынға алды. Жауапты басшыларға жағымсыз иістің пайда болу себебін анықтап, шарасын қолдану үшін комиссия құруды тапсырды. Атқарылып жатқан шаралар туралы тұрғындарға жедел әрі уақытылы ақпарат беруді шегелеп айтты.

⁠Ауаның ластануы туралы тұрғындар тарапынан әлеуметтік желіде арыз-шағымдар көп айтылады. Кешегі болған жағдай құзырлы мемлекеттік органдардың тиісті деңгейде жұмыс атқармайтынын көрсетті. Жағдайға байланысты дереу шара қабылдаудың орнына төрт сағатта әрең жиналдық. Бізге тұрғындардың таза ауада, дені сау болып өмір сүргені керек. Ауаға жағымсыз иіс «Сасықсай» булану алаңынан тарады дейміз. Бірақ біз оның суын тазаладық. Тіпті фламинго ұшып келді деген ақпарат шықты. «Квадрадты» да тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы иіс айналасына тараса да, қаланы толық басуы мүмкін емес. Сондықтан осы мәселе бойынша тиісті комиссия құрыңыз да, қажетті мамандарды қосыңыз. «Қазгидромет» РМК АФ атмосфералық ауа станцияларынан акпарат жинап, талдау жасап, сол жұмыстардың негізінде ауаны ластаған кінәлілердің шарасын алу керек, - деп қорытындылады Шәпкенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы