Атыраудан XIX ғасырдың қаруы табылды
Атыраулық тәртіп сақшылары 19-ғасырдың аяғында шығарылған неміс атыс қаруын тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оны облыста жүріп жатқан «Қару» акциясы кезінде жергілікті тұрғын тапсырыпты. Mauser C96 тапаншасы 1896 жылы Германияда жасалған, өздігінен оқталады.
Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, қолданыста болған тарихи қару түрі.
Тапаншаны тапсырған азамат оны әкесі ертеректе Исатай ауданында мал бағып жүргенде шағылдың арасынан, тауып алғанын айтады.
Қарудың бұрынғы иесіне мемлекет тарапынан 345 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Ал раритет тапаншаның орнын құқық қорғау органдары анықтайды.
Бұл қаруға қазіргі уақытпен есептегенде шамамен 130 жыл болған. Қарудың сақталуы өте жақсы күйде. Ешқандай жерін тат баспаған. Қазір оның атысқа жарамдылығы деңгейін анықтау үшін баллисткалық зерттеу тағайындадық. Баллистикадан кейін атыс деңгейін анықтайтын боламыз, - облыстық ПД әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы Арон Кенжебекұлы.