Атыраудағы СОБР жанжалы: ІІМ ресми жауап берді
Атырауда СОБР қызметкерлері арасындағы жанжалға қатысты ІІМ ресми мәлімдеме жасады. Қызметтік тәртіп бұзу фактісі расталып, тексеріс басталды.
Атырауда арнайы мақсаттағы бөлім (СОБР) қызметкерлері арасындағы жанжалға қатысты Ішкі істер министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, ЖҚАЖ (СОБР) қызметкерінің қызметтік тәртіпті бұзғаны расталған. Аталған қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, бөлімше басшылығы тарапынан орын алған әдепсіз әрекеттерге байланысты қызметтік тексеру басталған. ІІМ бұл деректер бойынша барлық мән-жай жан-жақты қаралып жатқанын атап өтті.
Тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады, - деп хабарлады министрлік өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда СОБР қызметкерлері өз басшыларының әрекетіне шағымданып, балағат сөздер мен күш қолдану фактілері болғанын мәлімдеген еді. Осыған байланысты олар ІІМ басшылығына және ішкі қауіпсіздік департаментіне ресми түрде жүгінген.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тексеріс жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша нақты шешім қабылданбақ.
Тағы оқи отырыңыздар:
ІІМ комитет төрағасы Данияр Мейірхан тексеріс кезінде қызметінен шеттетілді.