11 Наурыз 2026, 19:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Атыраудағы резонансты оқиға: Тікелей эфирде қызды ұрып-соққан жігітке іс қозғалды

Атырауда қызды соққыға жыққан күдіктіге қатысты полиция түсініктеме берді.

Атырауда 21 жастағы жігітке қатысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар сот оны ұсақ бұзақылық пен қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау облысының Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясына әлеуметтік желіде тараған қызды ұрып-соғу оқиғасына қатысты түсініктеме берді.
 
Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы («Азаптау») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
 
Полицияның хабарлауынша, 21 жастағы күдіктінің жеке басы анықталған. Қазіргі уақытта іс аясында тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.
 
Сонымен қатар, 2026 жылғы 9 наурызда Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысымен аталған азамат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің:
• 434-бабы 2-бөлігі (Ұсақ бұзақылық)
• 440-бабы 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу) бойынша кінәлі деп танылған.
 
Сот шешімімен құқық бұзушыға 30 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
 
Сондай-ақ Конституцияның 77-бабының 3-тармағына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.
 
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырауда 21 жастағы жігіт 19 жастағы қызды соққыға жығып, пышақтағанын әлеуметтік желідегі тікелей эфирде көрсеткен.