Атыраудағы референдум учаскелерінде ардагер педагогтерді мерекемен құттықтауда
Аймақтағы референдум учаскелеріне дауыс беруге келген ардагер педагогтерді мерекемен құттықтап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Тарихи оқиға қазанның бірінші жексенбісінде атап өтілетін Ұстаздар күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
Атырау облысының референдум учаскелерінде дауыс берушілердің арасында білім беру саласына еңбегі сіңген ардагер ұстаздар да бар. Кәсіби мерекеге орай дауыс беру учаскелерінде шағын салтанатты іс-шаралар өтеді. Ардагерлерді мерекесімен құттықтап, оларға көп жылдық еңбегі мен аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хат беріледі, - деп атап өтілген Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратта.
Келешек ұрпаққа сапалы білім беріп, тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздарға ерекше көңіл бөлінеді. Олар ел үшін осындай маңызды референдумға қатысудың маңызын айтып, жастар тәрбиешісі ретіндегі дауысы демократиялық процестің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Облыс бойынша 274 референдум учаскесі жұмыс істеуде. Олар таңғы сағат 7:00-ден 20:00 аралығында ашық болады.