Атыраудағы қанды қылмыс: Марқұмдардың денесінен өткір заттардың ізі табылған
Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Атыраудағы "Геолог" шағынауданындағы үй маңынан табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денелерінде өткір заттан қалған жарақат белгілері анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов мәлімдеді. Оның сөзінше, өлімнің нақты себебі мен қай уақытта болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Марқұмдардың денелерінде өткір затпен салынған жарақаттар бар. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды, – деді Құттыбай Садықов.
Бұған дейін полиция Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін оқиға орнына жеткізген болатын.
Тергеу барысында күдікті қылмыстың қалай жасалғанын көрсетіп берген. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, ол өзінің қайын атасы мен қайын енесінің өмірін қиып, кейін ауладағы қораның ішінде шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазып, мәйіттерді сол жерге көмген. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында үстіне диван қойғаны да айтылды.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынды.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.
Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.
Одан кейін Индонезияда күдіктінің ұсталған сәттегі фото-видеосы жарияланды.
Күдіктілер Индонезиядан елге жеткізілді.