10 Наурыз 2026, 15:44 Фото: видеодан скриншот

Атыраудағы қанды қылмыс: Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін

Атырау облысында болған қанды қылмысқа байланысты негізгі күдікті 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы заңгер Ләззат Рақышева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау облысында болған қанды қылмысқа байланысты негізгі күдікті 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы заңгер Ләззат Рақышева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заңгердің айтуынша, аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігіне жатады. Бұл бап аса ауыр қылмыстар санатына кіреді және көбіне келесі жағдайларда қолданылады:

  • екі немесе одан да көп адамды өлтіру;
  • қылмыстың ерекше қатыгездікпен жасалуы;
  • қасақана жасалған ауыр қылмыс.

Осындай жағдайларда сот 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін.

Заңгердің айтуынша, бұл іс бойынша өмір бойына сотталу ықтималдығы да бар. Бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін:

  • бірнеше адамның қаза табуы;
  • қылмыстың қасақана жасалғаны жөніндегі күдік;
  • қылмыстан кейін күдіктінің шетелге қашып кетуі.

Бұл мән-жайлар сотта ауырлататын жағдай ретінде қарастырылуы ықтимал.

Сонымен қатар, күдіктінің жұбайының жауапкершілігі де тергеу нәтижесіне байланысты болады. Егер тергеу барысында оның қылмысқа қатысы бар екені немесе қылмысты жасыруға көмектескені анықталса, ол да сыбайлас қатысушы ретінде жауапқа тартылуы мүмкін. Ал егер қатысы жоқ екені дәлелденсе, оған ешқандай жаза қолданылмайды, - деді Ләззат Рақышева.

Қорыта айтқанда, негізгі күдіктіге 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Алайда нақты шешімді сот үкімі анықтайды.

Бүгін полиция Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты күтпеген деректерді анықтады

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.

Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынды.

Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.

Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.

Одан кейін Индонезияда күдіктінің ұсталған сәттегі фото-видеосы жарияланды.