Атыраудағы қанды қылмыс: Екі адамды іздеу тоқтатылды
Атырау облысына қарасты Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен Наурыз бен Мейрамгүлді іздеуге қатысты іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
ТЖД мәліметінше, құтқару бөлімшелері Атырау облысы полиция департаментінің ресми сұранысы негізінде іздеуге тартылып, елді мекен аумағын тексеруге көмек көрсеткен.
Полиция белгілеген барлық аумақ толықтай қаралды. Қазіргі уақытта полиция департаментінен іздеу жұмыстарын жалғастыруға қатысты жаңа бағдарлау немесе қосымша сұраныс түскен жоқ, — деп мәлімдеді ТЖД өкілдері.
Еске сала кетейік, бір отбасы мүшелерін іздеу жұмыстары былтырғы 25 желтоқсанда туыстарының құқық қорғау органдарына жүгінуінен кейін басталған. Тергеу барысында шаруашылық құрылысынан үй иесі мен оның жұбайының мәйіттері табылған. Алайда олардың балалары — Наурыз бен Мейрамгүл әлі күнге дейін табылған жоқ.
Сондай-ақ қанды қылмысқа қатысты тың ақпарат елді елең еткізген болатын.
Сонымен қатар қаза тапқан ерлі-зайыптылардың күйеу баласы — кісі өлтіруге күдікті ретінде іс бойынша өтіп жатқан Сұлтан Сәрсемалиевтің, сондай-ақ оның жұбайы, марқұмдардың қызы Ақбаянның да қайда екені белгісіз күйінде қалып отыр.