Атыраудағы мектептегі пышақпен шабуыл: Күдіктінің анасы буллинг туралы мәлімдеді
Сөзінше, ұлы соңғы екі жыл бойы қатарластары тарапынан қысым көрген.
Атыраудағы BINOM мектебінде болған пышақпен шабуылға қатысты күдіктінің анасы оқиғаға буллинг себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, ұлы соңғы екі жыл бойы қатарластары тарапынан қысым көрген. Әсіресе қыз балалар жасөспірімді сырт келбеті мен болмашы себептер үшін мазақ еткен.
Анасының сөзінше, мектеп әкімшілігі бұл жағдайдан хабардар болғанымен, мәселені шешуге тиісті деңгейде көңіл бөлмеген.
Алайда бұл нұсқада бірқатар қайшылықтар бар.
Белгілі болғандай, 13 наурыз күні жасөспірім мектепке өз ауысымында емес, басқа уақытта келген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол күзет қызметкеріне сыныпта көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, ғимаратқа кірген.
Кейін ол өзінен бір жас кіші сегізінші сынып оқушысына бірнеше рет пышақ жарақатын салған.
Жарақаттар мойын, кеуде және қол тұсына тиген. Ең ауыр соққылар кеуде аймағына бағытталған.
Шабуылдан кейін жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған. Ол мектептің үшінші қабатындағы терезе алдына шығып, секірмек болғанымен, дер кезінде тоқтатылған.
Зардап шеккен оқушы тірі қалғанымен, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта тоғызыншы сынып оқушысы тергеу изоляторында отыр. Ал зардап шеккен қыз бала, бейресми мәліметтерге сәйкес, үйіне шығарылып, амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Күдіктінің анасы болған жағдайды буллингпен байланыстыра қарастыру қажет екенін айтты.
Бұған дейін Атырауда оқушы қызды жарақаттаған күдікті жасөспірім ұсталғанын жаздық.
Айта кетейік, Атырау облысында осыған ұқсас оқиға бұған дейін де орын алған. 5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.
Бұған дейін білім басқармасы қызметтік тексеріс нәтижесінде директорға қатаң сөгіс жарияланғанын, содан кейін оның өз еркімен жұмыстан кеткенін хабарлаған еді.
Бұл жағдайда да қатарластарына балтамен шабуыл жасаған оқушының анасы буллинг туралы шындықты айтты.
Осыған дейін сотта бір отырыс өтіп, жасөспірімге қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Ол үйқамаққа алынып, мектепке барып сабаққа қатысуға рұқсат берілді. Полиция мектепте балта алып жүгірген оқушыға қатысты мәлімдеме жасады.