Атыраудағы бүтін ықшам ауданға бір мектеп бұйырмаған
Атыраудағы көктем ықшам ауданының тұрғындары жылдар бойы білім ордасына жарымай отыр. Балаларын алысқа тасып шаршаған. Жақын маңда құрылысы 2022 жылы басталған нысанның жұмысы аяқсыз қалыпты. Әкімдіктегілер бос уәде бермей, жұмыс істесін деп ашулы жұрт, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала шетіндегі көктем ықшам ауданына тұрғындардың алды 2008 жылы қоныстанған. Бүгінде 700-ден астам үй бар. Ондағы балалар бір мектепке зру болып отыр. Білім алу үшін өзге ышқам аудандар мен қалаға сабылудан басқа амал жоқ. Осы уақытқа дейін басқа проблемаларымызды наразылық білдірумен ғана шешіп келе жатқанын айтқан бұқара, енді мектеп құрылысын аяқтасын деп ашуға мінді.
Көктем құрылғаннан бері не жол жоқ, не жарық жоқ кезеңдердің бәрін көріп келе жатырмыз. Бәрін айғаймен талап етіп, жасаттық. 2010 жылдан бері тұрамын өзім. Менің 5 балам бар. Бәрі ақсайдың мектебінде оқиды. 3 ауысыммен оқиды. Түстен кейін 15:00- ден бастап оқиды. Ол уақытта қандай білім болады балада. Себебі міне көріп тұрсыздар, өзімізде мектеп жоқ. Сонау жаққа балшыққа құлап, жылап барып келеді. Басқа амал жоқ. Енді мына мектептің құрылысы басталған еді, тоқтап қалды. Әкімнің көзі тұр, бүшін мына техниканы әкелтіп қойған, көзбояушылық жасап отыр, жұрт келгенде жұмыс істеп. Талап етеміз. Мектепті жасап берсін. Артық ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Құр сөз, құр уәде керек емес бізге,-дейді қала тұрғыны Сәуле Ажығалиева.
Тұрғындар мәселені осы уақытқа дейін бірнеше мәрте көтерген. Тоздырмаған табалдырық қалмапты. Әкімдіктегілер хабардар болса да, қол қусырып отырғандарын айтады.
3 балам үш мектепте оқиды. Біреуі 10-сынып оқиды 36-мектепте, екіншісі Смағұлов атындағы мектепте оқиды, үшіншісі Сәтпаевта оқиды. Ең жақын мектептерде орын жоқ деп алмайды. Қайда орын бар, амалсыз сонда барамыз. Біздер осылай қаңғып қашанғы жүреміз? Қашан бітеді мына мектеп? Осы тұрған тұрғындардың уәжі бір. Осы мектеп проблемасы. Сондықтан да, осы білім ордасын бізге құрылысын аяқтап, тезірек берсін. Мектеп басталғанда паспорт тұрды мына жерде. 2022-де басталды. 2023-тің желтоқсан айында бітеді деген ақпараты ілініп тұрды. Ол паспорты ендігі қурап қалды күннің көзіне. Алып тастады сосын. Ақшасын жеп қойды ма, не болғанын білмейміз. Әкімдіктегілер, құрылыс басқармасындағылардан талап етеміз,-дейді тұрғын Шынар Құсайынова.
Шенділер құрылыс тоқтаусыз жүріп жатқанын айтады. Жоспар бойынша 2024 жылы қолданысқа берілуі тиіс нысанның бұрынғы жобасы жарамай қалған. Сондықтан өзгеріс енгізіп жатыр екен. Ал жалпы жобаға 3 млрд теңге қаралған. Бірақ ол ақша жетпейді екен. Жаңа жобаға сай тағы 1,5 млрд қазынаның ақшасы керек.
Қазіргі таңда жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Бұл жерде жоба 2022 жылы шыққан жоба. Қазіргі үні сметалық құны бұрынғыдай емес, өзектілігін жоғалтты. Сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтармен қамту мақсатында сол түзетулерді енгізіп жатырмыз. Қазір сараптамаға кіргізілді. Ағымдағы жылдың маусым айында қорытындысын алып, құрылысын әрі қарай жалғастырамыз. Бірақ қазір жұмыс тоқтап тұрған жоқ. Биыл қыркүйекте аяқтаймыз,-дейді Облыстық құрылыс басқармасының маманы Ернар Қадырбай.
Мектеп құрылысын ақтаулық компания жүргізіп жатыр. Әкімдік жобаға қаралған қаржының 27 пайызын ғана аударды деп отыр. Жұмыс қарқынын қыздыруға қаржының тапшылығы қолбайлау. Өз қаржыларына барын салып жасап жатқанымен, алға баспай тұрған сыңайлы.
Қаржының 27 проценті қазір төленіп тұр. Енді біз қазір өзіміздің компания қалтасынан жұмыс істеп жатырмыз. Сол себепті біздің тараптан жұмыс жәй жүріп жатыр. Егер әкімдік ақша аударуға асықпай жатса да, біз жұмысты тоқтатпаймыз. Барынша жүргізуге тырысамыз,-дейді мердігер компания өкілі Ақжол Жарас.
Айта кетсек, бұл серіктестік көктем ықшам ауданындағы мектептен бөлек қалада тағы екі білім ордасының құрылысын жүргізіп жатыр. Ол оқу ордалардың әрқайсысына да 3 млрд теңгеден ақша бөлінген. Сондай-ақ сол мектептердің құрылысы да кешеуілдеп жатыр. Жұмыстық сағызша созылғаны нақты кімнің кесірінен екені белгісіз. Белгілісі нысандағы жұмыстар қайта-қайта кейінге шегеріліп жатқанда, зардабын үш ауысым мен апатты мектептерде оқып жатқан балалар көреді. Мұның бәрі білім сапасына да әсер етеді.