Атыраудағы алапат өрттің 80% аумағы сөндірілді
Атырауда жанып жатқан қамыс өртінің 80% аумағы сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов «Ақжайық»мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жанып жатқан өрт аумағын әуеден барлап шықты.
Қазір қамыстың жану аумағы 830 га құрайды. Батпақты жерлерге жету қиын болғандықтан, өртті сөндіру қиынға соғуда. Аэровизуалды барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша ашық отпен жану ошақтары анықталған жоқ. Алайда қамыс бықсып жатыр. Өрт сөндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағының көмегімен 15:20 сағаттағы ақпарат бойынша 36 рет су төгу жұмыстары жүргізілді. Жалпы осы уақытқа дейін тілсіз жауды ауыздықтау үшін 204 тонна су төгілген. Бүгінде елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, - делінген хабарламада.
Қамыс жануын жоюға Атырау облысы ТЖД күштері мен құралдары, «Ақжайық» МТР жалпы есеппен 92 адам, 15 бірлік техника, 4 мотопомпа және «Қазавиақұтқару» АҚ 5 (экипаж) жұмылдырылды.
Аталған мәселені шешуде дала өртімен күрес жұмыстары үшін «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты» РММ-ға арнайы техника сатып алуға осы жылы республикалық бюджеттен 285 млн теңге бөлінді.
Ал Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментіне 30 бірлік негізгі және арнайы техника сатып алуға және өрт сөндіру қызметін арнайы және негізгі техникамен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы жергілікті бюджеттен 1, 5 млрд теңге бөлінді.
Еске салсақ, ТЖМ 8 шілдеде Атырау облысында қамыстың өртенгені туралы ақпаратты таратты.