Атырауда жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік төлем тағайындалды

Биылғы жылдың басынан Атырау облысында 8 541 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 3222-тұрақты жұмыс. Жалпы 2025 жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 30 937 жұмыс орнын құру жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 30 937 жұмыс орнының құрылуы жоспарланса, оның 23 025-і тұрақты және 7 912-і уақытша жұмыс орындары. Ағымдағы жылдың 1-ші мамырына дейін облыста 8 541 жұмыс орны құрылса, оның 3 222-тұрақты орын. Биылғы жылы ұлттық жобалар және даму концепциялары арқылы 2 531 жұмыс орынының құрылуы 152 жобада жоспарланды. Ұлттық жобалар бойынша құрылған жұмыс орындары "Интеграциялық жұмыс орындарын құру" ақпараттық жүйемен Электрондық еңбек биржасына вакансияларды жариялау арқылы іске асырылады.

Қазіргі уақытта "Интеграциялық жұмыс орындарын құру" ақпараттық жүйесіне жобалар тізімін енгізу бағытында министрлік тарапынан жұмыстар іске асырылды, күні бүгінге ұлттық жобалар және даму концепциялары шеңберінде 60 жұмыс орны құрылды. Құруға жоспарланған 2 531 жұмыс орнының ұлттық жобалар және даму концепциялары бөлінісінде жоспарын айтсақ. "2023-2029 жылдарға арналған ҚР мәдени саясаты концепциясы" бойынша – 62 жұмыс орын. "2030 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту концепциясының" Бизнестің жол картасы бағыты бойынша – 48 жұмыс орны. "2030 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту концепциясының" Сауда бағыты бойынша – 179 жұмыс орнын құру жоспарда, - дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов. 

Сондай-ақ "2030 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту концепциясының" Өндірісті өндіру бағыты бойынша – 280 жұмыс орны, "ҚР ауылдық елді мекендерді дамыту концепциясы" бойынша – 75 жұмыс орны, "2026 жылға дейін тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту концепциясы" бойынша - 96 жұмыс орны, Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша – 101 жұмыс орны, "2022-2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенің дамыту концепциясы" бойынша - 60 жұмыс орны, "2023-2029 жылдарға арналған ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білімді дамыту концепциясы" бойынша - 205 жұмыс орны құрылады. Бұдан өзге тағы бірнеше жоба бар. 

2025 жылға облыстағы әлеуметтік қолдау шараларына 7 876,3 млн. теңге бөлініп, 42 037 адамды қамту жоспарланған. Оның ішінде 10 169 адамды ваканттық жұмыс орындарына орналастыру, 312 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 639 адамды қоғамдық жұмыстарға, 2 283 адамды жастар практикасына, 478 жасты "Алғашқы жұмыс орны" жобасына, 18 жасты "Ұрпақтар келісімшарты" жобасына орналастыру, 1 507 адамды "Күміс жас" жобасына және өзге де жұмыстарға орналастырып, грант пен жеңілдетілген несиелер беру көзделген. 

2025 жылдың 1 мамырына қала, аудандардағы мансап орталықтарына жұмыс мәселесі бойынша 25 375 адам хабарласты, оның 16 364-і әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етіліп, 1 230,4 млн.теңге қаражат игерілді. Мансап орталықтарына хабарласқандардың ішінен 10 212 адам әйел, 9 381-і жастар, 206-сы аз қамтылған және 779-ы, яғни 3,1% мүгедектігі бар адамдар. Есепті кезеңге 8 481 адам жұмысқа орналастырылды, оның 3 162-і тұрақты және 5 319-ы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыс 3 130 адам, жастар практикасы 721 жас, "Алғашқы жұмыс орны" жобасымен 153 жас, "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы 2 жас ,"Күміс жас" жобасы 50-ден асқан 1 042 адам бар, - дейді П.Хасанов. 

Онлайн skills арқылы 1 803 адам оқыды, оның ішінен 1 575 адам сертификаттарға ие болыпты. 1 803 адамның 825-ауыл тұрғындары, 912-әйел болса, 610-ы жас. Қысқа мерзімді курстарда жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 73 адамды оқыту жоспарланды, қазіргі уақытта Кәсіпкерлік палатасының тізіміне енген оқу орындары бойынша оқыту мамандықтары мен оқу құны туралы мәліметтер нақтыланып, жұмыспен қамту мәселелері бойынша өңірлік комиссия отырысында бекітіліп, оқыту процесі маусым айынан басталады. Ірі мұнай компаниясы арқылы ұйымдастырылған тегін оқумен келісім бойынша 125 адамды оқыту жоспарланды. Оқу процесі 3-ші ақпаннан басталып, 95 адам оқуын аяқтап, оларға сертификаттар табысталды. Дәнекерлеуші, құбыр монтаждаушы, электрмонтаждаушы сынды мамандықтарды меңгерді. 30 адам оқуын өз еркімен тастады. 

"Бастау-Бизнес" жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 685 адам жіберілді, оның 418-і оқуын аяқтап, сертификаттарын алды және 63-жұмыспен қамтылды, 9-жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. 94 адамға бірреттік ваучерлер берілетін болады, кәсіптік біліктіліктері расталады. 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды осал топтардағы азаматтар есебінен 230 адамға беру жоспарланды. Қаралатын қаржы көлемі 361 млн теңгеден астам. Гранттарды беру кезең-кезеңімен белгіленген легтер бойынша іске асырылады. Бірінші лег бойынша өтініштерді қабылдау ағымдағы жылдың 21 мамырынан басталды, - дейді П.Хасанов. 

Жастардың кәсіп бастауы үшін 2,5 пайызбен несие беріледі. Оның игілігін 220 адам көреді. Бөлінетін қаржы 1 млн 100 мың теңгеге жуық. Кәсіптік бағдарлаумен 20 000 адамды қамту жоспарланып, есепті кезеңге 5 300 адамға кәсіптік бағдарлар берілді. 

Биыл мансап орталықтарына медициналық көмекке жұмыссыз ретінде жүгіну бағытында және жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдерді алу мақсатында хабарласқандардың саны көбейіп, 24 856 адамды құраған. Оның ішінде бір адам бірнеше рет жұмыстан шығып кетуіне байланысты, жұмыссыз есебінде тіркелуіне орай жұмыссыздардың саны көбеюде. Хабарласқандардың ішінен жұмысынан айырылуына байланысты жыл басынан бері 9 708 адамға әлеуметтік төлем тағайындалды.

Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,5 пайызды құрайды. Әлеуметтік қолдау шаралары жан-жақты жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың 1-ші мамырына 811 отбасындағы 4836 адамға 230,1 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 584 отбасындағы 3710 адамға шартты ақшалай көмек, 228 отбасындағы 1132 адамға шартсыз ақшалай көмек тағайындалған болатын. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санаттарына жасалған талдау бойынша 18 жасқа дейінгі балалар – 69,5%, жұмыссыздар - 3,2%, көмекке жүгіну кезінде жұмысы барлар –9,9%, зейнеткерлер – 0,5%, барлық топтағы мүгедектер – 0,6%, студенттер – 3,7%, бала күтімімен отырғандар – 11,5%, басқалары –1,0% құрайды, - деді басқарма басшысы П.Хасанов.

Атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай көмек түрін алушылардың ішінде еңбекке қабілетті адамдар саны 975. Оның ішінде 479-ы жүгіну кезінде жұмысы барлар, 154-і жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, 342-і бала күтіміндегілер. Осы 154 жұмыссыздың 146-ы немесе 94,8 пайызы жұмыспен қамту шараларына тартылды, 37-і тұрақты жұмысқа, 99-ы қоғамдық жұмысқа, 5-уі әлеуметтік жұмысқа, 5-уі жастар практикасына жіберілді. Сонымен қатар, АӘК алатын 685 отбасындағы 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы 1316 балаға 27,3 млн.теңгеге қосымша төлем тағайындалды. Облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдардың саны – 25423 адам, оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер – 2639 адам, екінші топтағы мүгедектер – 9218 адам, үшінші топтағы мүгедектер – 9062 адам, мүгедек балалар – 4 504 адам. 2025 жылдың 1 мамырына мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында өтініш берген 14251 мүгедектігі бар адамдар, 6499-і немесе 45,7%-і Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы