20 Қараша 2026, 12:02 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Атырауда жүк көлігі жүргізушілері миллиондаған айыппұлдарға шағымданды

Атырау қаласының Бесікті ауылында жүк көлігі жүргізушілері миллиондаған теңге айыппұл салынып жатқанына шағымданды. Олардың айтуынша, кейбір жүргізушілерге 20-25 миллион, тіпті 50 миллион теңгеден асатын айыппұл келген. Алайда көлік иелері артық салмақ тіркелгенін растайтын бейнежазба мен нақты дәлелдер ұсынылмай отырғанын айтады. Жүргізушілердің жанайқайын жергілікті блогер Рүстем Баязиев тыңдап, олармен бірге жауапты органдарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Блогердің мәліметінше, 19 қарашада Бесікті ауылында бір топ жүк көлігі жүргізушісі жиналып, өздерінің мәселесін көтерген. Олардың басым бөлігі жүк көліктерін несиеге немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы алған. Қазір отбасын асырап, ай сайын несие төлеп отырған жүргізушілерге миллиондаған теңге айыппұл салынған.

Рүстем Баязиев жүргізушілердің ешқандай заңсыз әрекет жасауға немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға жиналмағанын атап өтті. Олар тек өздерінің арыз-шағымын жеткізіп, қалыптасқан жағдайға назар аударуды сұраған. Жүргізушілер ұжымдық өтініш дайындап, Ішкі істер министрлігіне мәселені тексеру туралы талап қоймақ.

Жүргізушілердің айтуынша, айыппұлдар жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшейтін таразылар арқылы тіркелген. Алайда олардың қолына келген хабарламаларда көліктің нақты мемлекеттік нөмірі көрінбейтін суреттер ғана бар. Кейбір жағдайда фотода жүк көлігінің алдыңғы шамы немесе басқа бөлігі түсірілген. Ал жүргізушілердің сұрауы бойынша, артық салмақты растайтын бейнежазба ұсынылмаған.

Олардың бірі бос жүк көлігіне 18 тонна артық салмақ тіркелгені туралы хабарлама келгенін айтады. Соның негізінде оған 800 мың теңге айыппұл салынған. Жүргізушілер көліктің бос болғанын айтып, мұндай көрсеткіштің қалай анықталғанына түсініктеме талап етіп отыр.

Бұдан бөлек, жүргізушілердің сөзінше, кейбір айыппұлдарда көліктің мемлекеттік нөмірі де көрсетілмеген. Олар фотосурет арқылы нақты қай көлікке айыппұл салынғанын анықтау мүмкін емес екенін айтады. Ал бейнежазбаны сұрағанда, ондай материалдың жоқ екені хабарланған көрінеді.

Жүк көлігі жүргізушілерінің тағы бір талабы – өлшеу бекеттерінің алдында арнайы ескерту белгілері мен электронды табло орнату. Олардың айтуынша, жүргізуші таразыдан өтіп бара жатқанда көліктің нақты салмағын бірден көре алуы керек. Егер салмақ белгіленген нормадан асып кетсе, бұл туралы сол жерде ескертілуі қажет.

Ешқандай табло жоқ, видеотіркеу жоқ. Жүргізуші жолда келе жатып, көлігінің салмағы артық екенін білмейді. Екі-үш жүк көлігі қатар келе жатса, жүйе олардың қайсысында артық салмақ бар екенін қалай анықтайды? Бізге нақты дәлел керек, – дейді жүргізушілер.

Олар басқа елдерде мұндай өлшеу жүйелері бейнебақылаумен жабдықталғанын айтады. Көлік таразыдан бірқалыпты жылдамдықпен тоқтамай өткеннен кейін оның салмағы тіркеліп, нәтиже электронды таблода көрсетілуі керек. Ал жүргізушілердің сөзінше, Атыраудағы бекетте мұндай талаптар толық орындалмай отыр.

Сонымен қатар олар өлшеу құрылғысының техникалық жағдайына да күмән келтіреді. Жүргізушілердің айтуынша, таразы орналасқан жолдың кейбір тұстары тегіс емес, көтеріліп кеткен бөліктері бар. Олардың пікірінше, көлік бірқалыпты жүрмесе немесе таразы үстінде тоқтап қалса, өлшеу нәтижесінде қателік болуы мүмкін. Сондықтан таразының заң талаптарына сәйкестігін де тексеруді сұрайды.

Жүргізушілер айыппұлдың бірден емес, бірнеше күннен кейін келетінін де мәселе етіп көтерді. Олардың айтуынша, кейде он күннің ішінде жиналған айыппұлдар бірден жіберіледі. Соның салдарынан көлік иелері қандай жағдайда және қай күні заң бұзғанын анықтай алмай қиналады.

Тағы бір мәселе – айыппұлды қысқартылған мерзімде төлеу талабы. Жүргізушілердің айтуынша, белгіленген мерзімде төлеген жағдайда айыппұл сомасының 50 пайызы ғана өндіріледі. Мысалы, 24 миллион теңге айыппұлды қысқа мерзімде төлесе, 12 миллион теңге төлеуі керек. Алайда мұндай соманы бір апта ішінде табу қарапайым жүргізушілер үшін оңай емес.

Қазақстанда аптасына 12 миллион теңге табатын қандай адам бар? Жүк көлігін несиеге алған, отбасын асырап отырған адам мұндай ақшаны қайдан табады? Бір жағынан кредит төлеуі керек, екінші жағынан осындай айыппұл келеді. Сонда адам не істеуі керек? – дейді жүргізушілердің бірі.

Олардың айтуынша, жүк көлігінің күнделікті шығыны да аз емес. Бір рет жанармай құюдың өзіне шамамен 100 мың теңге жұмсалады. Ал күнделікті табыс шығындарды есептегенде 200 мың теңгенің айналасында ғана болуы мүмкін. Сондықтан 12 миллион теңгені бірнеше күн ішінде жинау мүмкін емес екенін алға тартады.

Жүргізушілердің арасында 25 миллион, 50 миллион, тіпті 55 миллион теңгеге дейін айыппұл келгендер бар екенін айтады. Бірінің сөзінше, оның көлігіне 81 тонна салмақ тіркелгені көрсетіліп, 10 тоннадан артық салмақ үшін айыппұл есептелген. Алайда жүргізуші бұл көрсеткіштің қалай анықталғанын түсінбейді. Себебі оның қолында өлшеу нәтижесі көрсетілген таблоның суреті де, бейнежазба да жоқ.

Жүргізушілердің айтуынша, олар артық салмақпен жүруге қарсы емес және заң талаптарын орындауға дайын. Бірақ әрбір айыппұл нақты өлшеу нәтижесімен, бейнежазбамен және көліктің мемлекеттік нөмірімен расталуы керек. Олар айыппұлды төлеуден бас тартпайтынын, тек оның заңды әрі дәлелді түрде салынуын талап ететінін жеткізді.

Осыған байланысты жүргізушілер Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия құрып, өлшеу бекеттерінің жұмысына тексеру жүргізуді сұрайды. Атап айтқанда, таразының техникалық жағдайын, жол жабынының талаптарға сәйкестігін, бейнефиксация жүйесінің бар-жоғын және айыппұлдардың қалай тіркелетінін тексеруді талап етеді.

Сонымен қатар олар депутаттардан айыппұл салу тәртібін қайта қарауды сұрады. Жүргізушілердің пікірінше, заңға өзгеріс енгізіп, өлшеу нәтижесін сол жерде көрсету, бейнежазбаны сақтау және көліктің нақты мемлекеттік нөмірін тіркеу міндеттелуі керек.

Біз заңға бағынудан бас тартып тұрған жоқпыз. Тек өзімізге салынған айыппұлдың нақты дәлелі болғанын қалаймыз. Егер салмағымыз артық болса, оны көрсетсін. Табло болсын, видеофиксация болсын. Сонда ешкімнің сұрағы болмайды, – дейді жүргізушілер.

Рүстем Баязиев те жүргізушілердің талаптарын жауапты органдардың назарына жеткізіп, бұл жағдайға тексеру жүргізу қажеттігін көтерді. Жүргізушілердің негізгі өтініші – өлшеу жүйесінің жұмысына баға беріп, миллиондаған теңге айыппұлдардың қандай негізде салынғанын анықтау.