Атырауда жол мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында Құрманғазы және Исатай аудандарында, Діңғызыл ауылдық округінде болды.

ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, сенатор аудан активімен, мәслихат депутаттарымен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Депутат кездесу барысында Парламент Сенатының өткен сессиядағы заң шығару қызметі туралы хабардар етіп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі алда тұрған міндеттер жайында әңгімеледі. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны іске асыру және салық салудағы ерекшеліктер туралы әңгіме өрістеді. Аудандағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, салынып жатқан Атырау-Астрахан жолының құрылысы және Қиғаш өзеніндегі балықтың көбеюі үшін түбін тереңдету жұмыстары туралы айтылды. Кездесуге қатысушылар салынып жатқан жол құрылысының сапасы және оны жақсарту туралы сұрақтар қойды.


«Сенатордың Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері, ауылдағы құрылыстар мен әлеуметтік нысандар туралы сөз болды. Депутат сапар аясында Ақтөбе-Атырау-Астрахан-Ресей Федерациясымен шекарасындағы автомобиль жолының және Зинеден ауылындағы «Ақбота» бөбекжайының құрылысымен, «Исатай батыр» шекара заставасының қызметімен танысты», - деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Бұған қоса, сенатор облыс орталығында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық бөлімшесінің ұжымымен кездесті. Жүздесуде жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамыту және салықтық жеңілдіктер туралы әңгіме болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы