Атырауда жоғалғандар жиіледі: 7 күннен бері жасөспірім қыз іздестірілуде
Атырауда мектептегі жанжалдан кейін 10-сынып оқушысы жоғалып кетті.
Атырауда 15 жастағы мектеп оқушысы із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Ақ Жайық" басылымының таратқан мәліметі бойынша, іздеу жарияланған жасөспірім — "Жайық-Бином" мектебінің 10-сынып оқушысы Інжумаржан Қуанышқызы.
Анасының айтуынша, қызының жоғалуына мектеп әкімшілігімен болған жанжал себеп болуы мүмкін. Оның сөзінше, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен келіспеушілік туындап, сыныпта оқушылардан түсініктеме жазу талап етілген. Анасы бұл жағдайға байланысты e-Otinish порталы арқылы шағым түсірген.
19 ақпанда мектептен қоңырау түскен, алайда анасы жұмысқа байланысты жауап бере алмаған. Келесі күні оқу орнына барған кезде оған оқушылардың түсініктемелері көрсетіліп, қызының құжаттарын алып кету қажеттігі айтылған.
Сол күні қыз үйге оралғанымен, кейін қайта шығып кетіп, содан бері хабар-ошарсыз кеткен. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған жасөспірімге іздеу жарияланып, оны полиция қызметкерлері іздестіруде.
Сондай-ақ 10 "П" сыныбы оқушыларының ата-аналары директор орынбасарының жұмыс әдістерін тексеруді сұрап, ұжымдық өтініш жолдаған. Онда оқушыларға жиі түсініктеме жаздыру, сыныпты тарату туралы ескерту жасау, телефондарды күні бойы алып қою және ата-аналар чатын жабу сияқты жайттар айтылған.
Әзірге құзырлы органдар тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.