Атырауда Жайық жағалауы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау қаласының 380 жылдығына орай Жастар саябағы мен  абаттандырылған Жайық жағалауы ашылды, деп хабарлайды Атырау облысының өндірлік коммуникациялар қызметі. 

Атырау қаласының 380 жылдығына орай ұйымдастырылған басты шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. 

Мұнайлы өлкенің қара шаңырағы — Атырау қаласының тағылымды тарихының тамыры тереңде. Қала да адам сияқты — тағдыры бар, тарихы бар, тамыры бар. Тарихы бай шаһарымыз бұл күнге өзіндік табысымен және мол жетістігімен жетіп отыр. Қазір Атырау қаласы заманға сай өркендеу мен кемелдену үстінде. Облыс орталығы тарихының жаңа беттері жазылуда. Оған сіздердің әрқайсыңыз үлкен үлес қосып жатырсыздар, - деген аймақ басшысы тамаша тарту жасағаны үшін «НКОК» компаниясы басшылығы мен ұжымына атыраулықтар атынан алғыс білдірді. 

Ұзындығы 1861 м. болатын қаланың европа бөлігінде Бейбарыс көпірінен Жастар саябағына дейін Жайық жағалауы бойы 7,86 гектар болады. Жағалауда үш субұрқақ, «Атырау қаласының символы», «Шаңырақ» стела туындылары, бақылау алаңы, архитектуралық аркалар және сөрелер, жабдықталған балалар алаңы, сауда-алаңдары, пандустар, көлеңкелі шатырлар, қоқыс жәшіктері бар отырғыштар және шамдар орнатылған. 


Сонымен қатар, Жағалау бойына жүгіру жолы, велосипед жолы, жаяу жүргіншілер жолы мен гранит тас төсемелі жолдары жасақталған. - 6,5 гектар аумақты алып жатқан Жастар саябағында болса, демалыс пен спорт алаңдары, субұрқақтар  мен скейт-парк бар. Сондай-ақ, әр түрлі теректер, бұталар отырғызылып, газондармен көгалдандырылған. Бұған қоса, Атырау облысы әкімдігі ғимаратының қарсы бетіндегі екі пирс жөндеуден өткізіліп, бұрынғы субұрқағы қайта жаңартылғанын да айта кету керек. 

Ел игілігі үшін мұндай әсем әлеуметтік нысандардың санын арттырып, сапалы қызмет етуіне ықпал ету үнемі назарымызда болады. Қаламыздың барша тұрғындарын туған қаламызды көркейтіп, жасыл желекке орап, Жайығымызды таза ұстап, халық игілігіне арналған нысандарға қамқор көзбен қарауға шақырамын. Атыраудың ұлы Бабамыз әл-Фараби арман еткен «Қайырымды қалаға» айналуына барлық негіз бар. Өйткені, бұл шаһарда ел ертеңіне бей-жай қарамайтын, қайырымдылық пен жақсылыққа жаны құмар азаматтар тұрады, - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы