Атырауда «Жасыл ел» жасағы 6 ай жұмыс жасайды

Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Атырауда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары алты ай жұмыс жасайды. Ол үшін 160 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Бұл соманың 40 миллионға жуығы республикалық, ал 120 миллион теңгеден астамы жергілікті қазынадан бөлінген. 

Қазіргі таңда барлық аудандарда және қалада жасақ құрамына өтініш қабылдау жүріп жатыр. Биыл жастар үш бағыт бойынша: көгалдандыру, абаттандыру, құрылыс саласында еңбек етеді. Сарбаздар қаланы абаттандыруға ат салысып, алаңдарды, демалыс орындарын қалпына келтірумен айналысады. Сондай-ақ, жастардан құрылыс отряды құрылып, олар әлеуметтік нысандарды салып жатқан құрылысшыларға көмек беретін болады.

«Құрылыс жұмыстары бағыты бұл ерекше айта кететін бағыт.Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл бағытта жастар облыс көлемінде салынып жатқан әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіру жұмысына, сондай ақ, әрлеу, әктеу жұмыстарына қатысатын болады. Айта кетейік, өте бір ауқымды, күрделі құрылысқа араласпайды, жеңіл жұмыстарына қатысады. Сонымен қатар облыс жастары «Жасыл ел» бағдарламасының қызметімен ғана қамтамасыз етіп қана қоймайды, олар бос уақыттарын тиімді пайданалу үшін арнайы акцияларға қатысады. Акцияның мақсаты жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану»,-дейді Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бөлімінің жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Әйгерім Құрманберлиева.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 16-29 жас аралығындағылар қатыса алады. Айлық еңбекақы - 61 мың теңге. Мамандардың айтуынша, 2016-2018 жылдар аралығында еңбек жасағына 5 мыңға жуық жас тартылған. Атырау облысы бойынша өткен жылы «Жасыл ел» жобасына 140 млн теңге бөлініп, 2 мыңнан астам адам жұмыс жасаған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы