Атырауда жастарға қолдау жасалуда
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Жиында жастарды жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және отбасылық-гендерлік саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылуы туралы айтылды. Жауапты тұлғалардың берген ақпаратына сенсек, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, ерте жүктілік пен ажырасудың алдын алу, аудандардағы жастар мәселесі мен білім, мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жоспар бойынша жасалып, оң нәтиже беруде.
«Халықты жұмыспен қамту бағытындағы әлеуметтік қолдаудың бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Жыл басынан бері 1746 адам қатысуымен 17 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкелердің нәтижесінде, 416 жұмыссыз жұмысқа орналасты, оның 248-і жастар. Осы шаралар жастар саясаты мәселелері басқармасымен және жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жүргізілуде»,-дейді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Полымбет Хасанов.
Биыл жастар тәжірибесіне 595 адамды тарту жоспарланған, бірақ, биыл Жастар жылы болуы себепті қосымша тағы да 400-ге жуық жасты осы жоба аясында қамту үшін қаражат бөлінген. Сонымен қатар, бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 60-қа жуық азаматқа 500 мың теңгеден астам мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр екен.