Атырауда жас қызды ұрып-соққан ер адам ұсталды
Атыраулық 20 жастағы қыз алкоголь ішкен ер адамның құрбаны бола жаздады. 1965 жылғы ер адам жас қызды қоғамдық көліктен бастап торуылдап, соңынан қуған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жантүршігерлік жағдай 20 қыркүйек сағат 11:00 шамасында болған. Жұмысқа шыққан қызды орта жастағы азамат қоғамдық көліктен бастап аңдып, діттеген жерге келген уақытта артынан қуған. Кейін шашын жұлып, сүйреткен көрінеді. Арам пиғылды тұрғыннан жас қызды куәгерлер арашалап қалған. Қыздың жақындары масаң күйде көше кезген азамат жазасыз қалмауы тиіс деген ойда.
Қарындасым сағат 10:00-де жұмысқа кеткен. Бір сағаттан кейін жылап хабарласты. Белгісіз ер адам таныспақ болып соңынан қалмаған. Қолын ұстап, сөзге тартқан. Қарсылық танытып, қашқан соң, соңынан қуып шашынан жұлып, сүйретіпті. Сол жерде көмектескен куәгерлерге алғысым шексіз. Енді ол сытылып кетпей, жазасын алуы керек, - дейді қыздың ағасы Бауыржан.
Ішімдікке тойып алған ер адамды полиция қызметкерлері бірден қолға түсірген. Қазір Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, ер адам уақытша ұстау бөлмесіне қамауға алынды.
Айта кетейік, өзінен 37 жас кіші қызға тап берген азамат бұрын істі болмаған.