Атырауда жыл соңына дейін бірнеше жаңа нысандар іске қосылмақ
Атырау, BAQ.KZ тілшісі.Бұқаралық ақпарат құралдары Атырау қаласындағы жаңа нысандардың құрылысымен танысты. Бұл пресс-турды өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.
Олар алдымен сол жақ жағалауда салынып жатқан кәріз желісін тазарту ғимаратына бас сұқты. Нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биотоған, тазартылған су коллекторы тазартылмаған су коллекторы, лай алаңы, бас кәріз сорғы стансасы қоса салынуда. Бұл кешеннің құрылысына 10 млрд. теңге бөлінген. Жоба іске қосылса күніне 70 мың текше метр кәріз суын тазалайды. Бұл тазаланған су техникалық бағытта қолданылса, қатты қалдықтары тыңайтқыш ретінде қолданылады.
"Бұл кешеннің құрылысын «Павлодарский речной порт" мекемесі жүргізуде. Қазіргі таңда монтаж жұмыстары аяқталып, енді құрылғыларды қондырылып жатыр. Осыдан соң Сасықсай мәселесі шешіледі. Бұл іске асқаннан кейін Атырау қаласының сол жақ бөлігіндегі бүкіл кәріздік суларды тазалау жоспарымызда бар»,-дейді Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.
Бұдан соң тілшілер жастар және оқушылар сарайына бағыт алды. Бұл нысан қаладағы әуежайға барар жол бойында орналасқан. Төрт қабатты сәулетті ғимараттың құрылысына 6 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Кешен 18 мың шаршы метрден астам, аумағы 3,5 гектар. Жұмыс өткен жылдың наурыз айында басталған.
«Негізгі тапсыратын уақыты жоспар бойынша 2020 жылы болатын. Бірақ биылғы желтоқсан айында тапсырамыз ба деген ойымыз бар. Жалпы қазір құрылыстың басында 120 дай адам жұмыс жасап жатыр. Ішкі сылақ жұмыстары жүруде. Жұмыстың 60-70 пайызы бітіп тұр деп айта аламыз. Енді сыртқы абаттандыру жұмысына кірісіп жатырмыз»,-дейді мердігер мекеме басшысы Жәнібек Шарипов.
Бұл жерде спорттық алаңдар, танымдық кабинеттер, бірнеше шет тілін үйрететін курс, түрлі өнерге баулитын үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ, құрылысшылардың айтуынша кеме модельдеу, астрономия, ғарыш, планетарий сынды ғылымдарға бейімдеп оқытатын кабинеттер де жасақталады екен.
Атыраулықтар Исатай Махамбет алаңының жаңа көрінісін тамашалауды асыға күтіп жүр. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания өкілдерінің сөзінше жобаның архитектуралық композициясы өте ерекше. Ұзындығы үш метрге жуықтайтын домбыра монументі, сазды субұрқақтар мен сәндік қабырғалар құрылысы қызу жүріп жатыр. Өткен жылы жаз айында басталған жұмыс жыл соңында тапсырылуы тиіс. Дейтүрғанмен мердінгер мекеме «БатысАльянсСтрой» ЖШС-гі тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
«Көгалдандыру, тағы басқа көптеген жұмыстары да адамның қатысуынсыз, яғни компьютермен басқарылады. Субұрқақтар жұмысы, су құю жүйесі бәрі солай жүзеге асады. «NCOC» компаниясының демеушілігімен жүзеге асып жатқан жоба болғандықтан тапсырыс берушілер өте қатты қадағалап отыр. Жоба бойынша қараша айында аяқталуы тиіс болатын, бірақ біз осы жылдың тамыз айындағы ата заң мерекесі қарсаңында тапсыруды жоспарлап отырмыз»,-дейді мердігер «БатысАльянсСтрой» ЖШС-гінің бас директоры Әділ Жұбанов.
Алаң құрылысына қолданып жатқан материалдардың сапасы өте жоғары, табиғи. Сәулет жұмыстары мәрмәр тастардан, декоративі фарформен безендірілуде. Алаң 50 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатыр. Жобаның демеушісі «NCOC» компаниясы. Сонымен қатар қалада Жангелдина және Құлманов көшелерінің қиылысында «Тутұғыр» бой көтермек. Бұл 15 мың шаршы метрге жуықтайтын аумақты қамтиды. «Тутұғырдың» ұзындығы 91 метр болмақ. Оған қоса рәміздеріміз орналасады.Сондай-ақ, жоба бойынша алаңда субұрқақтар да салынады.
Ал жағалауды жаңарту жұмысы бітсе, қала халқының ерекше демалыс орнына айналмақ. «Бейбарыс» көпірінен ортаңғы көпірге дейінгі аумақ үш учаскеге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Әр учаскенің өзінше ерекшеліктері бар.
«Бұл жерде велосипед тебетін жол, жүгіретін адамдарға резеңке жол болады. Демалушылардың орындықтарында көлеңкелер болады, сол жерде ұялы телефон қуаттайтын қондырғылар болады, тегін интернет іске қосылады. Сонымен қатар ерекше су бұрқақтар болады»,-дейді мердігер мекеме басшысының орынбасары Мөңке Шлыков.
Жоба құны б миллиардқа жуықтайды. Осы уақытқа дейін 1 миллиардтан астам қаржы жұмсалып, жұмыстың 23 пайызы жасалған. Жағалауға класикалық, жаяу жүргіншілерге, жүзуге арналған үш түрлі субұрқақ салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар аймақты көгалданлыру жұмысы да басты назарда.