Атыраудағы "Ақжайық" резерваты отқа оранды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округінен басталған қызыл жалын "Ақжайық" резерватына тиесілі 5 гектар жерді шарпып үлгерген, деп хабарлайды "Хабар 24".

Осыдан 4 күн бұрын Кеңөзек ауылдық округінің маңынан басталған өрт түрлі аң мен құс мекендейтін "Ақжайық" резерватына да жеткен. ТЖД мамандарының айтуынша, қазір 10 гектар жердегі қамыс өртке оранған. Өрт сөндірушілер батпақтың кесірінен бұл аумаққа жақындай алмай отыр.

Қызыл жалын шарпыған 10 гектар жердің жартысы "Ақжайық" табиғи-мемлекеттік резерватының аумағы болса, қалғаны Кеңөзек ауылдық округіне тиесілі. Өртке оранған аумақтың теңізге жақын болуы өрт сөндірушілерді әбден әбігерге салып отыр.

Теңіздің жағалауы болғаннан кейін, батпақты жер болғаннан кейін өрт сөндіру "Урал", "КамАЗ" ауыр автокөліктері кіре алмайды. Төрт күннен бері өртті мониторинг жасап, қарап отырмыз. Халыққа, тұрғындарға және елді мекендерге ешқандай қауіп-қатер жоқ болғандықтан, біз тек қараумен, ал әрі қарай сөндіру, өшірумен "Ақжайық" резерватының қызметкерлері айналысады, - деп мәлімдеді облыстық ТЖД басшысы Омар Бержанов.

Әзірге қызыл жалынның неден шыққаны беймәлім. Шығу себебі мен келген шығын көлемі өрт толық өшірілгеннен кейін ғана анықталады. Кеңөзек ауылдық округінен басталған өрттің "Ақжайық" резерватына дейін жетуі желдің әсерінен болған.

Қазір "Ақжайық" мемлекеттік-табиғи резерватының қызметкерлерімен өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Өрт сөндірілгеннен кейін ТЖ қызметкерлерімен бірге комиссия құрылып, қызметтік тексерулер жүргіземіз. Өрттен келген шығындар барлығы толықтай айтылады, - деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мемлекеттік инспекторы Мереке Шалқаров.
Жыл басынан бері "Ақжайық" мемлекеттік-табиғи резерватында 5 өрт оқиғасы орын алған. Биылғы өрттің тіркелуі мен келген шығын көлемі былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен дейді жауаптылар
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы