Атырауда велоспорт мектебінің жұмысы жандануда
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласындағы велоспорт балалар-жасөспірімдер мектебінің жұмысы жандануда.
№1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебіндегі секцияда 20-дан астам оқушы тегін жаттығады. Олардың бірі – 6-сынып оқушысы Нұрсая Ерболат. Велоспортқа деген махаббаты кішкентайынан пайда болған. Енді ол ел құрамасының сапында өнер көрсетіп, Олимп шыңын бағындыруды өмірлік мақсатына айналдырған.
«Менің велоспортқа келуіме Александр Винокуровтың Олимпиада чемпионы атануы болды. Оны теледидардан көрдім. Маған ұнады, мен де сондай болғым келді. Велосипед тепкен маған бұрыннан ұнайтын. Осылайша мектепке келдім. Бұл жерде велосипедті бір аяқтпен айдау, секіру, бір заттарды тасу секілді әртүрлі жаттығулар өтеді. Күнде таңертең тұрамыз. Ерте тұғандықтан күні бойы өзіңді сергек сезінесің», - дейді жас велошабандоз Нұрсая Ерболат.
Ел құрамасына кіру үшін жақсы көрсеткіштер қажет. Тәрбиеленушілер 13 жастан бастап ел чемпионатына қатыса алады. Атыраулық жанкүйерлер шамамен он шақты жылдан кейін велоспорттан әлем және олимпиада чемпиондарын күтуге болады деп сендірді жаттықтырушы.
«Бала жан-жақты болуы керек. Дайындығы жақсы болуы қажет. Сол себептен дайындық өтіп жатыр. Жыл соңына дейін қалалық чемпионаттар өтеді. Келесі жылдан бастап республика чемпионатында өнер көрсетеді. Егер барлығы жоспар бойынша жүрсе, алдағы 5-6 жылда біздің балалар ұлттық құрама сапындағы орын үшін таласатын болады», - дейді балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы Ербол Бедербаев.