Атырауда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысында дизель сатқан ұйымдасқан топ мүшелері сотталды. Ұйымдасқан топтың құрамында 19 адам болған, деп хабарлайды №2 соттың баспасөз қызметі.
Атырау қаласының №2 сотында 19 адамнан тұратын ұйымдасқан топ мүшелері мен оларға көмектескендерге қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушыларға ұйымдасқан топты құру, сол сияқты оған басшылық ету (ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы 1,2-бөлігі), қылмыстық топпен аса ірі мөлшерде ұрлық жасау (188-бабы 4-бөлігінің 1,3-тармағы) дерегімен қылмыстық іс қозғалған.
Ұйымдасқан топ мүшелері және оларға көмектескендер 2020 жылдың 1 қаңтарынан 1 желтоқсан аралығында «Қ-Л» ЖШС-ға жөндеуге келген Мақат локомотив пайдалану депосына тиеселі тепловоздардан 397 тонна дизель отынын ұрлап, мекемеге 84 061 528 теңге мүліктік залал келтіргені туралы айып тағылды. Ал сот анықтағандай, 311 тонна дизель отыны ұрланып, мекемеге 65 854 646 теңге мүліктік залал келтірілген. Сотталушылардың кінәсі өздерінің, куәлардың, аудитор мен сарапшылардың жауаптарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелін тапты, - деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметінен.
Прокурор сотталушыларға 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраса, жәбірленушінің өкілі келтірілген зиянды өндіруді талап етті. Сотталушылар тағылған айыпты ішінара мойындап, қорғаушылар қылмыс құрамының болмауына байланысты сотталушыларды ақтауды сұрады. Сот жаза тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың бұрын сотты болмағанын, асырауында жас балаларының барын ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкімімен ұйымдасқан топ мүшелері И.Р., С.М., Ә.Қ., Т.Д., С.С., С.А., Т.Б., Б.Г., Қ.А., А.А., Ү.Қ., Е.К., А.Ж. көрсетілген баптармен кінәлі деп танылып, оларға 2 жылдан 7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал ұйымдасқан топқа көмектескен деп айыпталған С.А., Ж.А. әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігімен (салғырттық) сараланып, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ұйымдасқан топқа көмектескен деп айыпталған Ш.Н., У.Б., А.Ж., Қ.М. әрекеттері 196-баптың 3-бөлігі 1,2-тармақтарымен (Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену) сараланып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.