Атырауда ұлттық ұланың сержанттар құрамы сәбилер үйіндегі балаларға қайырымдылық жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұланның жауынгерлері күнделікті қызметте қоғам мен адам қауіпсіздігінің сақшысы болып қана қоймай, мейірімділік пен қамқорлық қасиеттері арқылы адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған. Бұл туралы Батыс қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Солардың бірі - 5546 әскери бөлімінің сержанттар құрамы. Олар Атырау облысындағы қамқоршысыз қалған сәбилер үйінің табалдырығын аттап, жанары жаутаңдаған, сәбидердің жүрегіне жылу сыйлады.
Бастамамызды Атырау облыстық "Сəбилер үйі" мекемесіндегі дүние есігін аша салысымен тағдыры тауқыметке түскен балалар тəрбиеленіп жүрген осы бір киесі бар үйден бастадық. Бар-жоғы 22 бала бар екен, оның 3 мүгедек балалар. Жастары 0 жастан 3,5 жас аралығында. Бөлімнің сержанттар құрамы (полк сержанты,взвод сержанттары,бөлімше командирлері) жұмыла балалар үйіне жеміс-жидектер, тәттілер, балалар тағамы, памперс, салфеткалар, балаларға арналған дәрі-дәрмектермен қолымыздан келгенше көмек көрсеттік,- дейді игі істің бастамашысы болған полк сержанты 2 сыныпты сержант Дүйсенов Рауан Тұрғалиұлы.
Жетімін жылатпаған ата – бабаларымыздың асыл қасиетін жалғастырып жүрген жауынгерлерімізге мекеме басшысы мен қызметкерлері де өзінің ерекше алғысын арқалатып жатты.
Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне алғысым шексіз. Бірінші күні келіп, қажеттілігімізді сұрап, балалармен танысып кетті. Келесі күні балаларымыз үшін сұранысы көп дәрі-дәрмектен бастап, күнделікті тұрмысқа қажетті гигиеналық заттар, жемістер, тәттілер алып келіп, балаларымызды қуантып жатыр. Кеше ғана әскери киіммен келген Отан қорғаушылар бүгін балалардың бір мезеттік көңілі үшін көңілді сайқымазаққа, мейірімді қонжыққа айналды. Тек қана еліміздің тыныштығын қорғау жолындағы қызметтерімен қатар қайырымдылық сияқты қасиетті іспен де айналысып, жанымызды жадыратқан Ұлттық ұланның жауынгерлеріне, оларды осындай мейірімді етіп тәрбиелеген ата-аналарына және ұжымдағы басшыларына ерекше ризашылығымды білдіремін,- дейді мекем басшысы Раиса Баймұханова.
Бұл әскери қызметшілеріміздің алғашқы игі ісі емес, атқыштар ротасының сержанттары мен бөлімше командирлері де жыл сайын отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілеріне де ерекше қолдауларымен барып тұрады.
Алдағы уақытта әскери бөлімнің сержанттар құрамымен бұл игі дәстүр жалғасын таппақ, өйткені олар келесі кезекті Атырау облыстық мүгедектер үйіне, қарттар үйіне, аналар үйіне баруды сонымен қатар түнгі уақыттарда қаланың жолдарын тазалаушы қарапайым жұмысшыларға көмектесу сияқты игі-шараларды қолға алуды жоспарлар отыр. Айта кетейік, сәбилер үйінің балаларына 1 - наурыз алғыс күніне орай балалар ойын-сауық орталығына бір күн тегін баруды сыйлық ретінде тарту етті.