Атырауда тұрғын үй алу кезегінде 21 мыңнан астам адам тұр
Атырау қаласында 132 отбасы жаңа қонысқа көшті. Олардың арасында әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынан тыс қалған жасөспірімдер бар.
Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің мәліметінше, «Нұрсая» шағынауданындағы «Латифа» тұрғын үй кешенінен 38 пәтер берілді. Өзге отбасыларға басқа тұрғын үй кешендерінен пәтер ұсынылып отыр.
«Қазір Атырау қаласында 21 мыңнан астам адам тұрғын үй алу кезегінде тұр. Оның бәріне бір күнде пәтер беру мүмкін емес. Жергілікті атқарушы орган мұқтаж жандарды баспанамен қамтуды қолға алып отыр. Жыл соңына дейін тағы 100 отбасы жаңа баспанаға ие болады», - дейді Шәкір Кейкин.
Жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында Жансерік Дарғожиннің отбасы да бар. Бұл отбасыға үш бөлмелі пәтер берілді.
«Пәтер кезегінде 2015 жылдан бері тұрмын. Атырау қаласында пәтер жалдап жүр едік. Жаңа пәтер алдық, қуанышымызда шек жоқ», -дейді Жансерік Дарғожин.
Осындай қуанышқа көпбалалы ана Әсемгүл Рысмағамбетова да кенелді. Ол осы кезге дейін отбасымен ағайын-туыстарының үйінде тұрған.
«Өз баспанамыз болғанын армандап жүр едік. Балаларымыздың несібесі шығар, жаңа пәтерге ие болдық», -дейді көз жасына ерік берген Әсемгүл Рысмағамбетова.
«Латифа» тұрғын үй кешенінің құрылысын «Нұр Атырау құрылыс» ЖШС жүргізген. Серіктестік директоры Нұрлан Нұрмұхановтың айтуынша, тұрғын үй кешеніне үлескерлер қаржы алынбаған.
«Тұрғын үй кешенін өз қаражатымызға салып шықтық. Өйткені, бізде үлескерлерден қаржы алуға рұқсат болмады. Қалалық әкімдіктің көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға пәтер алу үшін жариялаған тендеріне қатыстық. Ашық тендерден 42 пәтерге тапсырысты ұтып алдық. Мұнда бір бөлмелі пәтердің аумағы – 40 шаршы метр, екі бөлмелі – 60 шаршы метр, үш бөлмелі – 80 шаршы метр. Әр пәтер автономды жылу жүйесімен жабдықталған. Әр отбасы пәтеріндегі жылуды қалаған уақытында қосып, ажыратуына болады», -деп мәлім етті Нұрлан Нұрмұханов.