Атырауда түнде қыдырған 32 жасөспірім анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда түнде қыдырған 32 жасқөспірім анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалардың құқықтарын бұзу фактілерін анықтау, олардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында, Атырау қаласының аумағында 15-17 ақпан күндері аралығында “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара кезінде ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының мамандарымен, қалалық білім беру және облыстық Полиция департаментінің Есірткіге қарсы күрес қызметі басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, ІІО-ның есебінде тұрған жасөспірімдер мен жайсыз отбасыларды тұрғылықты мекенжайларынан тексеріп, нашақорлықтың алдын алу және жасөспірімдердің арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты.
Одан бөлек, тәртіп сақшылары түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 32 жасөспірімді анықтап, олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамаған төрт ата-ана анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) әкімшілік хаттамалар жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.